Өзбекстан президенті Мажарстан мен Словенияға ресми сапармен барады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның шақыруымен Будапештке ресми сапармен аттанды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан президенті Мажарстан мен Словенияға ресми сапармен барады
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Сапар аясында Шавкат Мирзиёев Виктор Орбанмен келіссөз жүргізіп, мажарстандық белді компаниялардың басшыларымен кездеседі. Оның барасында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ.

Сонымен қатар 21 мамырда Өзбекстан президенті Будапештте өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.

Өзбекстан президенті Мажарстан мен Словенияға ресми сапармен барады
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Ал 22 мамырда Шавкат Мирзиёев Словенияға ресми сапармен аттанады. Онда Өзбекстан басшысы аталған елдің президенті Наташа Пирс Мусармен кездесу өткізеді. Сондай-ақ, ол Словения парламенті және үкіметі басшыларымен келіссөз жүргізеді.

Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту, фармацевтика, өнеркәсіп, тамақ және тоқыма салаларындағы жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастырады.

Еске салайық, 20 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға барады. Сапар барысында ол Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысады.

Соңғы жаңалықтар