Өзбекстан президентінің Қазақстанға сапарының мақсаты белгілі - саясаттанушы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Астанада болатыны белгілі. 
None
None

Осы сапарға байланысты бүгінде саясаттанушылар өздерінің түрлі пікірлері мен болжамдарын айтуда. Мамандардың пайымынша, Өзбекстанның жаңа басшысы  Орталық Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мүдделілік танытуда. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында қазақстандық саясаттанушы Ерлан Саиров осы сапарға байланысты өз пікірін білдірді.

«Дүниежүзіндегі экономикалық дамудың трендтері өзгеріп жатыр, бұрынғы тәрізді шикізат өнімдерімен даму енді мүмкін емес. Сондықтан Қазақстанға өз экономикасында экспорттық әлеуетті әртараптандырудың жолдарын іздеу керек. Сонымен бірге әрбір мемлекетте өзінің экономикалық  дамуы үшін жұптас-серіктесі деген болады. Бізге қазіргі таңда осындай үлкен серіктес қажет. Менің ойымша, бұндай қарым-қатынаста Өзбекстан болуы ықтимал»,-деп тоқталды саясаттанушы.

Оның сөзіне қарағанда, 25 жылдың ішінде аталған көршілес ел консервативтік-экономикалық саясат жүргізді. Өзбекстанда ірі және орта кәсіпорындарды жекешелендіру болуы мүмкін, яғни мемлекет экономикалық тұрғыда ашық саясатын жүргізуі ықтимал.

«Қазақстанның бизнесмендері үшін Өзбекстан жұмыс істеуге жаңа кеңістік болады. Сонымен бірге осы көршілес елдің Қазақстанға экспорттық әлеуеті бар екені белгілі, оның ішінде жеміс-жидек, көкөніс және басқа да өнімдер жеткізіледі. Екіншіден, бұл елде автомобиль өндірісі де дамыған. Атап айтқанда, Өзбекстан президентінің Астанаға сапарынан экономикалық интеграцияның нышандары пайда болады деген ойдамын. Бірақ бұл жерде бір кілтипан бар. Өзбек халқы ежелден саудаға бейім екені белгілі. 25 жыл бойы Өзбекстанда жабық экономикалық саясат жүргізгеннің өзінде дүниежүзінде өзбек миллиардерлердің саны артып келеді. Сондықтан бұл ел бизнесі Қазақстанда кеңінен таралуы мүмкін»,-деді Е. Саиров.

Оның пайымынша, еліміздегі кейбір өнеркәсіп орындары мен басқа да инфрақұрылымдар өзбекстандық кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырады.

«Екінші жағынан алып қарасақ, Қазақстанға қосымша инвестиция келеді. Меніңше, екі елдің арасында сауда-саттық, гуманитарлық салада тың серпін болуы ықтимал. Бауырлас ел ретіндегі мәдени қатынастардың барлығы қайтадан қалпына келсе, бұл өз кезегінде қос мемлекетке де дамудың жаңа бағытын ашады»,-деді ол.

Ерлан Саировтың айтуынша, Өзбекстанның президенті Шавкат Мирзиёев Орталық Азиядағы бауырлас мемлекеттермен қатынастарды нығайтуға белгі беріп жатқанын аңғаруға болады.

«Бұдан бұрын Елбасы  Орталық Азия одағын құру жөнінде бастама көтерген болатын, енді осы бастаманың ары қарай логикалық жалғасы болуы мүмкін. Жалпы, түркітілдес халықтардың экономикалық-гуманитарлық одағының  болуы қолайлы әрі өзекті. Аталған Орталық Азия мемлекеттері одағын құру дұрыс саясат деп есептеймін»,-деп атап өтті ол.

Саясаттанушы Өзбекстанның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі немесе қосылмауы қадамы жақын болашақта белгілі болатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар