Өзбекстан шетелдік инвесторларды дивиденд салығынан босатады

форум
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда шетелдік инвесторлар үшін жаңа салықтық жеңілдік енгізіледі. Бұл туралы ІІІ Ташкент инвестициялық форумында ел президенті Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстан инвесторларға дивиденд табысының 10 пайызы мөлшерінде салынатын салықты алып тастамақ. Атап айтқанда, бұл елдің экономикасына қаржы құюға ниетті шетелдіктер 3 жыл мерзімге тиісті міндеттемеден босатылады.

«Кәсіпкерлік пен бизнесті қолдау мақсатында біз нақты шаралар әзірледік. Енді шетелдік инвесторлар акциялардан алынған дивидендтер бойынша салықтан 3 жыл мерзімге босатылады», - деді Шавкат Мирзиёев.

Шавкат
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Сондай-ақ Өзбекстан басшысы шетелдік инвесторлар үшін жерді жалға алу мерзімін 49 жылға дейін ұзарту жөнінде қарар қабылданғанын атап өтті. Бұған дейін жалға беру уақыты 25 жылдан аспайтын.

«Ел президенті айтқан бастамалар өте маңызды. Себебі әлемде тікелей шетелдік инвестиция үшін талас күшейген. Өзбекстанның бұл тұрғыда өзінің басым тұстары бар. Ол – жұмысқа қабілетті жастардың көптігі. Бұл бизнесті ынталандыратын күш, оған қосымша салықтық жеңілдіктер берілсе, инвесторлар үшін жақсы мүмкіндік болар еді», - деді Өзбекстанның жобалық серіктесі Эндрю Хайес.

Бұлардан бөлек, жоғары рейтингіге ие кәсіпкерлік құрылымдарға салықтық тексеріс жүргізілмейді. Мұндай өзгерістің жергілікті бизнеске оң ықпалы зор.

форум
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін 1,1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын бар. 

«Мемлекет басшылары жүктеген тапсырмаға сай, өзара ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға күш саламыз. Егер тікелей инвестиция жайында айтар болсақ, кейінгі 10 жылда Өзбекстаннан Қазақстан нарығына 33 млн доллар қаржы бағытталған. Ал кері бағытта көрсеткіш көбірек. Қазақстан Өзбекстанға осы уақыт аралығында 401 млн доллар инвестиция құйды. Бұл дегеніміз арада әлі толық ашылмай отырған әлеуетіміз бар екенін көрсетеді», - деді инвестициялық форумға қатысқан ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева. 

Форум барысында Қазақстанның инвестициялық ахуалы да сөз болды. Еліміз экономикаға тікелей қаржы тарту жөнінен көп мемлекеттен ілгері тұр. Мәселен, Өзбекстанның металлургиялық прокат дайындау ісіндегі ірі кәсіпорны елімізде құны 70 млн доллар болатын жаңа жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. 

«Қазір бұл жоба бойынша Қазақстанның елшілігі және Өнеркәсіп министрлігімен келіссөз жүріп жатыр. Жоба құны 70 млн доллар деп белгіледік. Бірақ көлемі одан да ұлғаюы мүмкін. Әуелі өндірісті қай өңірде салатынымызды анықтап алуымыз керек. Сосын оның өнімі жергілікті және көрші ел нарығы мен Еуропаға экспортталады», - деп бөлісті өзбекстандық металлургия компаниясының жобалық жетекшісі Гюзаль Тожимирзаева.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы инвестициялық ынтымақтастық кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Жалпы құны 2,5 млрд доллардан асатын 60 өндірістік жоба қолға алынған. Оның ішінде, дәстүрлі ауыл шаруашылығы мен шикізат өндірісінен бөлек жаңа салалар да бар. Мәселен, өзбекстандық бизнес елімізде жеңіл өнеркәсіппен айналысып, тұрмыстық техника жасауға кіріссе, қазақстандық кәсіпкерлер көрші мемлекетте заманауи тұрғын үй кешендерін салып, дилерлік орталықтар ашуға ден қойған.

Соңғы жаңалықтар