Өзбекстан шетелдік көліктердің елде болу мерзімін 180 күнге дейін ұзартпақ
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстан шетелдік автокөліктердің ел аумағында болу мерзімін 90 күннен 180 күнге дейін ұзартуды көздеп отыр.
Олий Мәжілісі Заң шығару палатасының депутаттары кедендік бақылау мен сыртқы сауда рәсімдерін одан әрі жеңілдетуді көздейтін заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады.
Аталған құжат кеден қызметінің ашықтығы мен жеделдігін арттыруға бағытталған.
— Заң жобасында шетелдік автокөліктерді Өзбекстан аумағына кіргізу және елден шығару тәртібін жетілдіру көзделген. Атап айтқанда, олардың елде болу мерзімі 90 күннен 180 күнге дейін ұзартылмақ, — деп хабарлады Олий Мәжіліс палатасының баспасөз қызметі.
Бұдан бөлек заң жобасы кедендік төлемдерді төлеу мерзімін кейінге шегеру уақытын 60 күннен 120 күнге дейін ұзартуды көздейді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақ-Өзбекстан шекарасындағы «Жібек жолы — Ғишт-Көпрік» шекара-кеден бекеті 2026 жылдың 25 қарашасында сағат 16:00–де жолаушылар тасымалы үшін қайта ашылатыны хабарланған.