Өзбекстан Тәжікстандағы «Рогун» ГЭС-інен электр энергиясын импорттайды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Тәжікстан үкіметі «Рогун» гидроэлектростанциясында өндірілген электр энергиясын Өзбекстанға экспорттау келісімін мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстан Тәжікстандағы «Рогун» ГЭС-інен электр энергиясын импорттайды
Фото: rogunges.tj

Құжатта жазылғандай, «Рогун ГЭС» ашық акционерлік қоғамы электр энергиясын өзбекстандық «O'zenergosotish» компаниясы арқылы экспорттайды.

- 1 кВт сағат электр энергиясының жобалық құны - 0,034 доллар, ал қосымша құн салығының мөлшері - 0%, - делінген Тәжікстан үкіметінің қаулысында.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, алдағы екі жыл ішінде Өзбекстанда 3 мыңға жуық шағын ГЭС салынады.

Сонымен қатар бірнеше күн бұрын Тәжікстанның Ресеймен бірлескен ГЭС алдындағы 297 млн доллар қарызы кешірілетінін жазып едік.

Қоса кетсек, сарапшылардың пікірінше, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан бірлесіп салып жатқан «Қамбар ата» ГЭС-і Орталық Азияның энергетикалық әлеуетін нығайта түседі.

Соңғы жаңалықтар