Өзбекстан үкіметі шетелдік маркадағы қызметтік көліктерден бас тартып жатыр

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның премьер-министрі Абдулла Арипов «Mercedes-Benz» маркалы қызметтік көлігін отандық «Malibu» темір тұлпарына ауыстырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

көлік, Мерседес
Фото: autostrada.uz

UZA ақпарат агенттігінің мәліметінше, Абдулла Арипов бейнеселекторлық кеңес өткізіп, оның барысында Министрлер кабинетінің төрағасы барлық лауазымды тұлғаларға шетелдік маркадағы қызметтік көліктерлі пайдаланудан бас тартуды тапсырды.

— Президент тапсырма берді, тиісінше біз оны қалтқысыз орындауға міндеттіміз. Маған шетелдік маркадағы қызметтік көліктерден бас тартуды 20 наурыздан немесе 1 сәуірден бастау ұсынылды. Дегенмен президент тапсырмасы дереу орындалуы тиіс. Сондықтан бұл жұмыстар ерте басталды, — деді Абдулла Арипов кеңесте.

Мәлім болғандай, елдегі барлық министрліктер мен ведомстволар отандық көліктерді пайдалануға көшті.

Атап айтқанда, премьер-министрдің орынбасарлары қазір «Malibu» темір тұлпарына отырса, облыс хокимдері «Tahoe» және «Traverse» жол талғамайтын көліктерін пайдаланып жатыр.

Шенеуніктерге жаңа емес, қолданыстағы темір тұлпарлар берілуде. Ал бұған дейін пайдаланылып келген шетелдік көліктер аукцион арқылы сатылымға шығарылады.

Еске салайық, таяуда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық кеңесте сөз сөйлеген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев шетелдік қызметтік көліктерді пайдалануды қысқартып, отандық өндірісті қолдауды тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар