Өзбекстан үкіметі жұмыссыздық мәселесін қалай шешпек
Биыл Өзбекстан үкіметі 5 млн адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен халықты жұмыспен қамту мәселелері туралы кеңесте айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Жиын барысында салаға жауапты лауазымды тұлғалар биыл жаңа жұмыс орындарын құруға арналған жоспарларды жариялады. Бүгінде ресми статистикаға сәйкес, 1,3 млн өзбекстандық жұмыссыз. Бұған қоса биыл еңбекке қабілетті жасқа жеткен тағы 2,4 млн адам нарыққа кіреді.
Бұл мәселелерді шешу мақсатында арнайы бағдарлама әзірленген. Оған сай, қызмет көрсету саласында - 2,5 млн, ауыл шаруашылығы бағытында - 2,1 млн, инвестициялық жобалар мен өнеркәсіпте - 250 мың ал құрылыста 140 мың адамға қызмет ұсыну мүмкіндігі бар. Сонымен қатар микроқаржыландыру жүйесін кеңінен енгізу арқылы бизнеске 2 млн адамды тарту көзделіп отыр.
Бұған қоса кеңесте кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптарды қысқарту және лицензиялау тәртібін жеңілдету ұсыныстары да қаралды. Оған байланысты осы жылдан бастап анықтамалар мен есеп құжаттарының 34 түрі жойылды. Тиісінше, 21 мыңнан астам кәсіпкер жыл сайын 500 млн сум (18,3 млн теңге) үнемдей алады.