Өзбекстан ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық шарттарға қосылуға мүдделі
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өнеркәсіптік, радиациялық және ядролық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Құжат елдің ядролық қауіпсіздік саласындағы бірқатар халықаралық шарттарға қосылуы үшін дайындық бастауға бағытталған.

- Өзбекстан Республикасының қосылуы тиіс ядролық қауіпсіздік саласындағы халықаралық шарттардың тізбесі бекітілсін, - делінген Шавкат Мирзиёев қол қойған жарлықта.
Атап айтқанда, Өзбекстан Ядролық залал үшін азаматтық жауапкершілік туралы Вена конвенциясына, Ядролық немесе радиациялық апат жағдай кезіндегі көмек конвенциясы мен Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияға қосылуға ниетті.

Еске салайық, Өзбекстан мен АЭХА атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.
Бұған дейін жазғанымыздай, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады.
Таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.
Мұнымен қатар, Өзбекстан мен Қытай шағын ядролық реакторларды қолдану мүмкіндігін зерделемек.