Өзбекстан мен АЭХА атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Бас директоры Рафаэль Гроссиді қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастықты нығайту және өзара іс-қимылды үйлестіру мүмкіндігін талқылаған.
Атап айтқанда, жауапты ведомстволардың құзыреті кеңейту, жоғары білікті кадрларды даярлау және АЭХА бағдарламасы аясында ядролық энергетиканы дамыту - ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде айқындалды.

Кездесу қорытындысы бойынша бейбіт атомды дамыту саласындағы жан-жақты ынтымақтастықты бекемдей түсуге бағытталған «Жол картасы» қабылданды.
Айта кетейік, Өзбекстан 1994 жылдан бастап АЭХА-ға мүше. Осы аралықта аталған ұйымның көмегімен 40-тан астам бірлескен жоба іске асты. Қазіргі уақытта құқықтық базаны жетілдіру, ядролық ғылымды, медицинаны және басқа да бағыттарды ілгерілетуге бағытталған 5 жоба қолға алынды.
Рафаэль Гросси бастаған АЭХА делегациясы 5 желтоқсанда Самарқанда өтетін халықаралық конференцияға қатысады.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады.
Таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.
Қоса кетсек, бұған дейін Kazinform редакциясы Өзбекстанда қандай энергоблоктар салынатынын жазып еді.
Мұнымен қатар, Өзбекстан мен Қытай шағын ядролық реакторларды қолдану мүмкіндігін зерделемек.