Өзбекстан ядролық отын қалдығын салынатын АЭС-тің аумағында сақтамақ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан рекаторлардан шығарылатын пайдаланылған ядролық отын қалдығын салынатын АЭС-тің аумағында сақтауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев атап өткендей, пайдаланылған ядролық отын және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздікті сақтау конвенциясына сай, ақырғы жауапкершілік мемлекетке жүктеледі.
- Негізгі мақсат – адам өмірі мен денсаулығын, жеке және заңды тұлғалардың мүлкін қорғау, сондай-ақ материалдың зиянды әсерінің қоршаған ортаға тигізетін залалын жою. Сондықтан бастапқы кезеңде барлық талап пен ережені мүлтіксіз орындай отырып, пайдаланылған ядролық отын және радиоактивті қалдықтарды атом электр станциясының алаңында уақытша сақтау жоспарланып отыр, - деп жауап қатты Азим Ахмедхаджаев Kazinform тілшісінің сауалына.
Сонымен қатар спикер Орталық Азия елдері арасындағы атом энергетикасын дамыту бойынша ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.
- Біздің мемлекетіміздің сыртқы саясаты Орталық Азия елдерімен тату көршілік байланыстарды тереңдетуге бағытталған. Біз атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссияның бағдарламасы аясында ТМД мемлекеттерімен ынтымақтастықты нығайтуға аса маңыз береміз, - деп түйіндеді Азим Ахмедхаджаев.
Агенттік директорының айтуынша, өзбек тарапы салынатын атом электр станциясына қажетті ядролық отынды елде өндірілетін табиғи ураннан алу мүмкіндігін зерделеп жатыр.
Еске салайық, Өзбекстанда АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.
Ресейлік технология бойынша өңірдегі алғашқы аз қуатты атом электр станциясы салынады. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.
Осыған сай, таяуда Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.