19:44, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Өзбекстан және Түрікменстан президенттері аймақтық мәселелер бойынша көзқарастарының сәйкес екендіктерін мәлімдеді
ТАШКЕНТ. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Расул Бахамов/ - Ташкенттегі келіссөздер аяқталып, екіжақты құжаттарға қол қойылған соң, Өзбекстан мен Түрікменстанның басшылары Ислам Кәрімов пен Құрбанқұлы Бердімұхамедов бірқатар аймақтық мәселелер бойынша өз көзқарастарының сәйкес келетіні туралы мәлімдеді.
ҚазАқпарат хабарлағанындай, 2008 жылғы ақпанның 24-нен Түрікменстан Президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов Өзбекстанда ресми іссапарда жүр.Мемлекет басшыларының бүгінгі келіссөздерінен соң, сегіз құжатқа қол қойылды. Журналистер алдында сөз сөйлеген И.Кәрімов кездесу барысында өзбек-түрікмен ынтымақтастығын тереңдету және кеңейту, сондай-ақ, аймақтық және халықаралық сипаттағы өзекті мәселелері талқыланды, деп атап өтті. - Орталық Азия аймағындағы су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануға қатысты біздің мүдделеріміздің толығымен сәйкес келетіндігін атап өткім келеді. Әмудария мен Сырдария сияқты су күретамырларындағы гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыру кезінде халықаралық құқықтық нормалардың сақталуы жөніндегі трансшекаралық су жүретін аймаққа орналасқан барлық мемлекеттердің де пікірлерінің есепке алынуының қажеттігі туралы ортақ көзқарасты біз де түсінеміз, ? деді Ислам Кәрімов. Оның айтуы бойынша, Арал теңізінің апатты жағдайы мәселенің өзекті екендігін көрсетеді, деген пікірмен Өзбекстан мен Түрікменстан да келіседі.
Құрбанқұлы Бердімұхамедов те келіссөздердің жан-жақты сипаттылығын атап өтті және трансшекаралық өзендердің ағысы мен су көлемін халықаралық тексерусіз қысқартуға Түрікменстанның да қарсы екендігін мәлімдеді. Түрікменстан Президенті бұл мәселенің дипломатиялық жолмен шешілуі керектігін алға тартты.