Өзбекстанда 1 мыңнан астам саяси қуғын-сүргін құрбаны ақталды

шавкат мирзиеев
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстанда кеңес үкіметі кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған 1 мыңнан астам адам ақталды. Бұл туралы «Жадидтер: ұлттық бірегейлік, тәуелсіздік және мемлекеттілік идеялары» атты халықаралық ғылыми конференция қатысушыларына жолдаған хатында президент Шавкат Мирзиёев мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Өзбекстан басшысы жаңа тарихи дәуірге аяқ басқан уақытта ата-баба салған сара жолдан жаңылмай, олардың еңбегін тиісті деңгейде бағалау, бай мұрасын зерттеу және дәріптеу негізгі міндет екенін атап өтті.

«Конференцияның негізгі тақырыбы — біздің ағартушы ата-бабаларымыздың прогрессивті идеялары мен көзқарастарын зерттеу және жүйелеу. Сондай-ақ, Түркістан жадидтерінің ұлттық мемлекеттіліктің даму сатысындағы рөлі мен әсерін зерттеу ерекше маңызға ие», — деді Шавкат Мирзиёев.

Президент атап өткендей, бүгінде Өзбекстанда халық бостандығы мен отанның өркендеуі үшін өз өмірін қиған ата-бабаларды еске алуға, олардың қызметі мен мұрасын өзге қырынан зерттеуге ерекше назар аударылады.

«Соңғы жылдары Өзбекстанның Жоғарғы соты тоталитарлық режим қуғын-сүргінінің құрбаны болған 1030-дан астам отандасты ақтады. Бұл тарихи әділеттілікті орнату жолындағы тағы бір қадам болды», — деп атап өтті президент.

Өзбекстан басшысы 31 тамыз елде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде кеңінен аталып өтетінін еске салды.

«Махаллада қуғын-сүргін құрбандарын еске алу бұрыштарын және онда еске алу кітаптарын ашу, 100-ге жуық қуғын-сүргін құрбандары мен жадидтердің өмірі мен қызметіне арналған жинақтарды жыл сайын дайындау және басып шығару көзделген. Осы маңызды тақырыпқа байланысты мұрағат құжаттарына қолжетімділікті кеңейту, мақсатты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге грант бөлу, жаңа көркем және публицистикалық туындылар жасау бойынша шаралар қабылданып жатыр», — деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев. 

Соңғы жаңалықтар