Өзбекстанда 100 жастағы ардагер қазақ тұрады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Қазақстандық дипломаттар Өзбекстанда туып-өскен этникалық қазақ, Екінші Дүниежүзілік соғыс ардагері Бексейіт Баймырзаевты Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Бексейіт Баймырзаев 1924 жылы 10 мамырда Ташкент облысына қарасты Жоғары Шыршық ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебін тәмамдап, 1941 жылы педагогикалық техникумға оқуға түскен бозбала араға бір жыл салып майданға аттанады.
Ол екінші Украина фронтының құрамында соғысқа араласып, 80 жыл бұрын Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алды. Кейін жапон әскеріне қарсы ұрысқа қатысып, 1947 жылға дейін сержант шенінде қызмет етті. «Ерлігі үшін», «Қызыл жұлдыз» медалі, «Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін» екінші дәрежелі ордендерімен марапатталған.

Соғыстан оралғаннан соң Бексейіт Баймырзаев педагогикалық техникумдағы оқуын аяқтап, 1987 жылға дейін білім беру саласында қызмет етті. Қажырлы еңбегі бағаланып, «Халық ағарту ісінің озаты», «Құрмет белгісі», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды.
10 мамырда 101 жасқа аяқ басқалы отырған Бексейіт Баймырзаев әлі де тың. Күнделікті серуенге шығып, ауыл ақсақалдарымен әңгіме-дүкен құрады.
Ардагер Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және туған күні қарсаңында құттықтай келген Қазақстан елшілігінің қызметкерлеріне алғыс білдіріп, батасын берді.

— Келіп, құрмет көрсеткендеріңе шын жүректен алғыс айтамын. Соғыс болмасын! Өскелең ұрпақ бейбіт күнде өмір сүрсін! Ардагерлердің ерлігін ұмытпай, оларға ілтипат көрсету — келесі буынның тура жолда келе жатқанын айғақтайды. Мен көпті көрген қария ретінде айтарым: Адамға жамандық жасаудан аулақ болыңдар! Жақсылық пен ізгілікке ұмтылған жанға жасаған амалдары түбінде оралады, — деді Бексейіт Баймырзаев.
Бүгінде ардагер 4 перзентінен 9 немере мен 10-нан аса шөбере сүйді. Бексейіт Баймырзаев қазір Ташкент облысындағы Жоғары Шыршық ауданында тұрып жатыр.
Еске салайық, бүгінгі таңда Өзбекстанда Екінші Дүниежүзілік соғыстың 82 ардагері тұрады. Олардың ең үлкені — 114 жаста. Президент Шавкат Мирзиёевтің жарлығымен майдангерлерге «Жеңістің 80 жылдығы» медалі беріліп, 10 мың доллар ақша табысталды.