Өзбекстанда 24 шаршы метрлік пәтерде 35 адам тіркеуде тұрған
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік салық комитеті «E-ijara» ақпараттық жүйесі арқылы тіркелген жылжымайтын мүлік жалдау шарттарын талдау кезінде ерекше жағдайды анықтады.
Белгілі болғандай, жалпы ауданы 24 шаршы метрлік пәтерде 35 адам тіркелген. Бұл әрбір жалға алушының небәрі 0,7 шаршы метр алаңы бар екенін білдіреді.
Сондай-ақ жалға алушылардың екеуімен жасалған келісімшарттарда жалға алынған пәтердің ауданы 0,5 шаршы метр деп көрсетілген, ал ай сайынғы жалдау ақысы 1,5 миллион сум болып белгіленген.
Өзбекстан заңнамасына сәйкес, лайықты өмір сүрудің әлеуметтік нормасы бір адамға кемінде 16 шаршы метрді құрайды.
Мемлекеттік салық комитеті азаматтарға тұрғын үйді жалға беру кезінде жалға алушылардың жайлы өмір сүру жағдайларын қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік нормаларды қатаң сақтау қажеттілігін еске салды.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда доллар бағамы құлдырады.