Өзбекстанда 8 айда 3 мыңға жуық бала түрлі қылмыстың құрбаны болды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қаңтар-тамыз айларында 2872 кәмелетке толмаған бала түрлі қылмыстардың құрбаны болса, оның 1225-і (42,7%) — 12 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Gazeta.uz. 

Өзбекстанда 8 айда 3 мыңға жуық бала түрлі қылмыстың құрбаны болды
Фото: Pexels

Бұл туралы Өзбекстан Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің директоры Мансұрбек Оллоёров мәлімдеді.

Талдау көрсеткендей, олардың 1475-і әлеуметтік қауіптілігі аз қылмыстардың құрбаны болса, 956-сы онша ауыр емес, 284-і ауыр қылмыс, 157-сі аса ауыр қылмыстардың құрбаны болған.

— Өкінішке қарай, балаларға қатысты зорлық-зомбылық жағдайлары көбейіп барады. Жәбірленушілерді жиі кінәлайды немесе үндемей қалуға мәжбүрлейді. Дәл осы үнсіздік мәдениетіне қарсы зорлықпен күрескендей батыл күресуіміз керек, — деді М. Оллоёров.

Оның айтуынша, агенттіктің сенім телефонына түскен қоңыраулар өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артқан.

М. Оллоёровтың айтуынша, интернет арқылы жасалған қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтіліп, балаларды қорғау бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін педагогтер мен тәрбиешілер жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Еске сала кетейік, Өзбекстан президенті 523 адамға рақымшылық жасады.

Соңғы жаңалықтар