Өзбекстанда бір жылда 900 мыңнан астам сәби дүниеге келген
Өзбекстанда 2023 жылы 900 мыңнан астам бала дүниеге келген, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Өзбекстан Әділет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы республикада 968 140 жаңа туған нәресте тіркелген, оның 466 563-і қыз, 501 177-сі ұл.
Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 28 360 балаға аз.
Ең жоғары туу көрсеткіші Самарқанд облысында тіркелді. Онда өткен жылы 114 446 бала дүниеге келген.
Екінші орында — 107 602 баламен Ферғана облысы.
Бала туу көрсеткіші бойынша алғашқы бестікке Қашқадария (102 364 жаңа туған нәресте), Әндіжан (89 680) және Сурхандария (88 603) облыстары кірді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, жаңа 2024 жылдың бірінші күнінде Өзбекстанда 1859 сәби дүниеге келген.
Өзбекстан Республикасының болжау және макроэкономикалық зерттеулер институтының болжамы бойынша, туудың жоғары көрсеткіштерін ескере отырып, Өзбекстан халқының саны 2030 жылға қарай 41 миллион адамнан асуы мүмкін.