Өзбекстанда электромобильді қуаттау шығынының бір бөлігін енді мемлекет өтеуі мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда электромобильді қуаттау шығындарының бір бөлігін мемлекеттік бюджет есебінен өтеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

ы
Фото: Repost.uz

Министрлер кабинеті тиісті қаулының жобасын қоғамдық талқылауға шығарды. Құжат «Өзбекстан - 2030» стратегиясын іске асыру және президент жарлықтарын орындау шеңберінде әзірленген.

Ұсынылып отырған құжатқа сәйкес, биыл жеке тұлғалар үшін шығындарды ішінара өтеу жүйесі іске қосылуы ықтимал. Егер қуаттау станциясындағы 1 кВ/сағат электр энергиясының құны 300 сумнан (12 теңге) асса, мемлекет айырмашылықты қайтарады.

Өтемақы әр айдың 25-іне дейін «Soliq» мобильді қосымшасы арқылы электромобиль иелерінің банк карталарына аударылады. Бұл төлемдерге салық салынбайды және ол жүргізушілердің қосымша табысы ретінде саналмайды.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстанда кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төленуі мүмкін екенін хабарлап едік.

Қоса кетсек, Өзбекстан BYD электромобильдерін Қазақстан мен Ауғанстанға экспорттауға ниетті.