Өзбекстанда электронды темекіге тыйым салынуы мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZIFORM - Өзбекстан Заң шығару палатасының (парламенттің төменгі палатасы) депутаттары бірінші оқылымда электронды темекіге толық тыйым салу туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

вейпы
Фото: freepik.com

Заңмен құрамында никотині бар электронды темекі мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салу көзделген.

- Сарапшылардың пікірінше, электронды темекіде никотиннен өзге адам денсаулығы мен қоршаған ортаға залал келтіретін 80 түрлі улы химиялық элементтер мен ауыр металдар бар. Атап айтқанда, никотинге тәуелділік артып, балалар мен жасөспірімдердің ойлау қабілеті нашарлайды. Сондықтан аталған құжатты қабылдау халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға ықпал етпек, - делінген Заң шығару палатасы таратқан хабарламада.

Еске салайық, былтыр 20 маусымда Қазақстанда вейптерге тыйым салу туралы заң күшіне енді. Кейін «Атамекен» ҰКП өкілдері елімізде вейп пен кальянға шектеу қою көлеңкелі нарықтағы сұраныстың артуына себеп болғанын мәлімдеді.

Соңғы жаңалықтар