Өзбекстанда газ құятын жанармай станцияларының жұмыс уақыты шектелді
Өзбекстанда күн суытып, тұрғындардың газға сұранысының артуына байланысты жанармай құю бекеттерінің жұмыс уақыты шектелді, деп хабарлайды Kazinform.

Өзбекстанның Энергетика министрлігі әлеуметтік желілерде газ құятын жанармай станцияларының жұмысындағы үзілістер туралы хабарламалар таралуына байланысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствода атап өткендей, 16 желтоқсанға дейін созылатын салқын күн райына байланысты тұрғындардың газға сұранысы артып, бұл газ қысымының айтарлықтай төмендеуіне әкелген.
«Осының негізінде тұрғындарды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында метан газ құю бекеттерінің жұмыс уақытын шектеу шаралары қабылданып жатыр. Жоспар бойынша метан жанармай құю бекеттері таңғы 6:00-ден 15:00-ге дейін жұмыс істейді. Бұл уақытша шектеу республика бойынша тұтынушылар мен әлеуметтік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету мақсатында енгізілді», - деп хабарлады ведомстводан.
Елдің Энергетика министрлігі қолайсыздықтар үшін кешірім сұрап, тұтынушыларды жағдай тұрақталғанша үнемдеуге шақырды.
Еске сала кетсек, Өзбекстанда өткен жылғы қыста республика үшін қалыптан тыс аяз аясында электр қуатын, газ және жылуды жеткізуде ауқымды үзілістер болған болатын. Өзбекстан астанасы мен облыстарында далалық әскери асханалар мен жылыту пункттері орналастырылды.