Өзбекстанда газ өндірісі төмендеп барады
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қаңтар-маусым аралығында Өзбекстанда өндірілген газ 5,1%-ға төмендеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Статистика агенттігінің мәліметінше, алғашқы жартыжылдықта Өзбекстанның ірі кәсіпорындары 22,36 млрд текше метр газ өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,2 млрд текше метрге аз.
Айта кетейік, Энергетика министрлігі елдегі газ өндірісінің кейінгі 4 жылда рекордтық құлдырауына түсінік берген еді. Ведомствоның ақпаратына сай, оған «Қандым» газ өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстары және басқа да технологиялық мәселелер себеп.
Газдың көлемі төмендегенімен, көрші ел көмір өндірісін арттырды. Атап айтқанда, өзбекстандық шахтерлер жарты жылда 2,64 млн тонна қатты отын қазып алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 148 мың тоннаға артық.