Өзбекстанда «гонконг тұмауын» жұқтыру жағдайлары анықталды
Өзбекстанда H3N2 тұмау (гонконг тұмауы) штаммын жұқтыру жағдайлары анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық және қоғамдық денсаулық комитетінен мәлім еткендей, тұмаудың бұл түрі ведомствоға қарасты аймақтық зертханаларда жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған.
Комитет басшысының бірінші орынбасары Нурмат Атабековтің айтуынша, А (H3N2) тұмауының алдын алу үшін 2,2 млн доза вакцина қолданылған. Оны эпидемиялық маусым басталар алдында мұғалімдер, медицина қызметкерлері, тәрбиешілер мен аталған індетке осал топтағы балалардың бір бөлігі алған.
Сонымен қатар жыл басынан бері Өзбекстанда «шошқа тұмауы» деп аталатын H1N1 вирусының 4 жағдайы анықталды.
«Зертханалық талдаулар арқылы мониторинг жүргізіп, індетті қадағалап отырмыз. Біз H1N1 тұмауының 4 жағдайын анықтадық. Негізінен пациенттер бокавирустық инфекция, риновирус, реевирус немесе респираторлық-синцитиальды вирус жұқтырдық деп ойламайды. Бірақ оларды зертханаларда анықтап, жағдайды қатаң бақылап отырмыз», - деді Нурмат Атабеков.
Ол атап өткендей, кейінгі аптада халық арасында жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылық өткен аптамен салыстырғанда 25,5%-ға төмендеген.