Өзбекстанда қанша қазақ тұрып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Өзбекстанның мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық өңірлік саясаттағы негізгі басым бағыттардың бірі. Президенттің дәл осы сөзін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін қазақ-өзбек зиялы қауымының форумында келтірді.

— Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанмен мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың өңірлік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі екенін бірнеше рет атап өтті. Аса маңызды рөлді бауырлас халық арасындағы достықты қалыптастыратын және нығайтатын адами байланыс атқарады. Бүгінде Қазақстанда 600 мыңнан астам этникалық өзбек тұрып жатыр. Мемлекет оларға ана тілін үйренуіне, мәдениетін дамытуына және дәстүрін сақтап қалуына барлық жағдайды жасаған. Өзбек тіліндегі мектептер, театрлар, әдеби бірлестіктер, бұқаралық ақпарат құралдары табысты жұмыс істеп келеді, — деді Мәулен Әшімбаев елордада өткен қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумында.
Спикер келтірген мәліметке сәйкес, бүгінде Өзбекстан 800 мыңнан астам қазақ үшін туған шаңыраққа айналып отыр.
— Өзбекстанда республикалық қазақ мәдени орталығы жұмыс істейді, қазақ тілін оқыту және ұлттық дәстүрді сақтау бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Мәдениетпен алмасу мен ынтымақтастықты нығайта түсуде жастарға ерекше рөл жүктеледі. Қазір екі елдің жастары форумда ғана емес, күнделікті әлеуметтік желілерде, онлайн-жобаларда, бірлескен шығармашылық және стартап-бастамалар арқылы араласады. Спортшыларымызға бірге жанкүйер болып, бір-бірінің жеңісіне шын жүректен қуанады. Өзбекстан құрамасы тарихта алғаш рет футболдан әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шыққанда, мыңдаған қазақстандық өзбек ағайынның қуанышымен құттықтап, қолдау көрсетті. Бұл шынайы өзара қолдау, бірліктің айқын дәлелі. Сондықтан бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, өзара тәжірибе алмасу, креативті және IT-жобаларды кеңейту маңызды. Жыл сайын Қазақстан мен Өзбекстан жастарының конгресі өтеді, бірнеше күн бұрын (14-15 тамызда) Ташкент қаласында кезекті конгресс ұйымдастырылды, — дейді төраға.
Бүгін Астанада қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумы өтті. Алғаш ұйымдастырылған форумға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева бастаған қазақ-өзбек ғылыми-шығармашылық зиялы өкілдері қатысты.
Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған биік деңгейге көтерілгенін баса айтқан еді.
Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады.