Өзбекстанда қанша отбасы бар екені белгілі болды — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Өзбекстан
Фото: ӨзА

Қытай мен ШЫҰ елдері арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығы рекордтық деңгейге жетті — «Халық газеті»

Қытайдың Бас кеден басқармасының дерегіне сәйкес осы жылдың алғашқы жеті айында Қытайдың Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше басқа мемлекеттерге импорты мен экспортының жалпы құны 2,11 трлн юаньға жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3%-ға өсіп, ауқымы жағынан рекордтық деңгейге жетті, деп хабарлайды «Халық газеті».

Қытай мен ШЫҰ елдері арасындағы экономикалық және сауда ынтымақтастығы рекордтық деңгейге жетті
Фото: Халық газеті

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, аталған ұйымның басшылығымен ШЫҰ сауда-экономикалық, инвестициялық, өзара байланыстар және басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдетіп ортақ өркендеу жолына түсті.

Шаньдун өлкесінің Циндао қаласындағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының демонстрациялық аймағы халықаралық автомобиль көлігімен тасымалдау орталығынан шығатын жеміс-жидек пен көкөніс тиелген жүк көліктері тікелей Мәскеуге дейін бара алады. Ал, Дубайға жаңа тоқпен жүретін көліктер жіберіліп жатыр.

Сонымен қатар Ауғанстаннан жеткізілетін тауарлар да осы жерден Қытай нарығына шығады. 2018 жылы құрылысы мақұлданғаннан бері демонстрациялық аймақ ынтымақтастық моделінің жаңа түрін тұрақты зерттеп келеді. Осы уақыт ішінде «Жібек Жолы электрондық коммерциясы» үшін кешенді қызмет көрсету базасын дайындады. Сондай-ақ, «Сенімді ШЫҰ» трансшекаралық платформа әзірлеп кәспорындарға жүйелі шешу жолдарын ұсынды.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында «Бейжіңде ШЫҰ-ға мүше елдердің жәдігерлері көрсетілді» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Бейжіңде ШЫҰ-ға мүше елдердің жәдігерлері көрсетілді
Фото: Халық Газеті

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, 27 тамызда Бейжіңдегі Қытай Ұлттық мұражайында Қытайдың Мәдениет және туризм министрлігі ұйымдастырған «Өркениет жұлдыздар теңізі — Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы елдерінің Ұлттық музейіндегі мәдени мұралар бірлескен көрмесі» ашылды.

Көрмеде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің 10 еліндегі мәдени және көрме мекемелерінен 220 мәдени жәдігер қойылды. Олар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің терең мәдени мұрасын көрсетіп, Жібек жолы арқылы өркениеттердің алмасып, өзара үйреніп, өзара өнеге алу, бір-біріне әсер ету сынды тарихи процесті көрсеткен.

Өзбекстанда қанша отбасы бар екені белгілі болды — ӨзА

Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарына қарай Өзбекстанда жалпы 10 миллион 244 мың 241 отбасы тіркелген. Сонымен қатар, аймақтар бойынша отбасылар санын жарияланған.

Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.

отбасы
Фото: ӨзА

Өзбекстандық БАҚ-тың дерегінше, Ферғана облысында — 1 177 396 отбасы, Самарқанд облысында — 1 082 846 отбасы және Ташкент қаласында — 1 011 537 отбасы бар екен. Сондай-ақ қалған облыстарда қанша отбасы бар екені туралы ақпараттарды жазған.

«ӨзА»-ның келтірген дерегіне сүйенсек, 1 шілде жағдайында Өзбекстанның тұрақты халқы шамамен 37 859 698 адамды құрады. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 пайызға артқан. Оның ішінде, әйелдер саны — 18,8 млн адам, ерлер саны — 19,1 млн адам. Ал қала тұрғындары — 19,3 млн адам болса, ауыл тұрғындары — 18,6 млн адам.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Ташкент метросында жыл соңына дейін барлық кассалар жабылады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды. 

метро
Фото: ӨзА

Өзбекстандық басылымның мәліметінше, 2025 жылдың соңына дейін Ташкент метрополитенінің барлық бекетінде билет сататын автоматтар орнатылып, кассалар жабылады.

Метрополитен хабарында айтылғандай, жабылып жатқан кассалардағы оператор қызмет орны біртіндеп қысқартылуда. Атап айтқанда, алғашқы кезеңде 204 касса операторының штаттық бірлігі белгіленген нормативтік-құқықтық құжаттарға сәйкес қысқартылды.

Жыл соңына дейін метрополитеннің барлық бекеттеріне автоматтандырылған терминалдар орнату жоспарланған. Нәтижесінде Ташкент метросында касса операторы мен аға оператор қызметтеріне қажеттілік қалмайды.

Иранның футзалдан ерлер ұлттық құрамасы әлемде үздіктердің қатарында  — Parstoday

Иранның футзалдан ерлер ұлттық құрамасы ФИФА-ның соңғы рейтингінде әлемде бесінші орында тұр, деп жазды Parstoday ақпарат агенттігі.

Иранның футзалдан ерлер құрамасы
Фото: Parstoday

Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Халықаралық футбол қауымдастығы федерациясының (ФИФА) 2025 жылдың тамыз айындағы рейтингінде Иранның футзал құрамасы әлемде бесінші орынға тұру арқылы өзінің сапасын көрсетті.

Айта кетейік, бұл рейтингте Бразилия, Португалия, Испания және Аргентина құрамалары бұрынғысынша бірінші-төртінші орындарды иеленді.

Қазақстан мен Қытай бірлескен тұңғыш телехикаяны бастады — «Жэньминь жибао»

Қытай мен Қазақстан бірлескен «Күтемін сені іледе» атты телехикаясының түсірілімі басталды.

Соған байланысты Қорғас мемлекет қақпасының алдында түсіру жұмысын бастаудың іс-шарасын өткізген.

Бұл туралы осы аптада қытайлық «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы хабарлады.

кинематограф, кино, сериалы
Фото: pexels.com

Қытайлық БАҚ-тың хабарлауынша, бұл телехикая Іле өңірін әңгіменің арқауы ете отырып, сол жердегі Моңғұлкүре ауданы, Тоғызтарау ауданы, Қорғас ауданы қатарлы жерлерге және Қазақстанға барып көрініс алады.

Көрермен назарын жаңа дәуірдегі жастардың есейіп-ержетуі мен ел аралық достыққа аударып, екі елдің әртүрлі түсініктегі жастарының кездесу, өзара түсінісу, бірін-бірі құрметтеуі, бірлікте жұмыс істеуі, арманға бірге ұмтылуы сынды әсерлі оқиғалар баяндалады.

Соғыс салдарынан Газа балалары үшінші жыл қатарынан мектепке бара алмайды — TRТ

Израильдің Газаға соғысы анклавтағы білім беру жүйесін күйретті, себебі Израиль армиясы соғыс кезінде барлық білім беру инфрақұрылымын зақымдады немесе жойған.

Газа секторындағы балалар бірнеше күннен кейін басталатын жаңа оқу жылында да мектепке бара алмайтын болды. Бұл жағдай қатарынан үшінші рет қайталанып отыр. Бұл туралы БҰҰ-ға сілтеме жасап Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Газа секторының балалары
Фото: TRT

Біріккен Ұлттар Ұйымы соғыс палестиналық ұрпақты білім алу құқығынан айырып жатқанын айтып ескерткен.

— Білім алу — негізгі құқық, ешбір бала бұл құқықтан айырылмауы керек. Білімге қолжетімділік қорғалуы тиіс. Ол қалпына келтірілуі қажет, — деді БҰҰ өкілі Стефан Дюжаррик.

Оның айтуынша, бұл дағдарыс «Газа секторындағы бүтіндей бір ұрпақтың болашағына қауіп төндіреді».

«TRT»-ның дерегінше, Израильдің Газа секторындағы соғысы қоршаудағы аймақтың білім беру жүйесін күйретті. Соғыс басталғалы бері білім беру инфрақұрылымының 95 пайызы зақымдалған немесе жойылған.

Бұл жағдай 660 мыңнан астам баланы мектептен мақұрым қалдырған.

Соңғы жаңалықтар