Өзбекстанда Конституция күні тойланды

Шавкат Мирзиёев
Фото: president.uz

Өзбекстан халқы елдің негізгі заңы – Конституцияның қабылданғанына 31 жыл толуын атап өтіп жатыр. Атаулы мерекеге орай президент Шавкат Мирзиёев тұрғындарды құттықтады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі president.uz-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Өзбекстан басшысы өз сөзінде биыл жаңа редакцияда қабылданған негізгі заңның маңыздылығына тоқталды. 

«Биыл қоғамдық-саяси өмірде, елдің дамуында үлкен маңызы бар бұл мереке ерекше мәнге ие болатыны сөзсіз. Ең алдымен, біздің ұлттық тарихымызда алғаш рет Конституция осы жылдың 30 сәуірінде өткен жалпыхалықтық референдумда жаңа редакцияда қабылданды. Халықтық негізгі заң бола отырып, ол жаңа Өзбекстанды құру жолында кең ауқымды реформалардың айрықша құқықтық кепіліне айналғаны белгілі», - деді Шавкат Мирзиёев. 

Ол Конституцияның жаңа редакциясында бес негізгі ереже берік бекітілгенін атап өтті. Яғни, Өзбекстан егеменді, демократиялық, құқықтық, әлеуметтік және зайырлы мемлекет саналады. Оның мазмұны түбегейлі жетілдіріліп, жаңа тараулар мен баптар енгізілді.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев соңғы жылдары барлық реформалар Конституция мен заң үстемдігі қағидатына сүйене отырып жүргізілгенін баяндады. 

«Кейінгі 6 жылда елімізде жалпы ішкі өнім көлемі - 1,5 есе, кәсіпкерлер саны 2 есеге артып, өнеркәсіп саласындағы өсім 40%-дан асты. Биыл әлеуметтік салаға жұмсалған қаражат 134 трлн сумды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 5,6 есе ұлғайды», - деді Өзбекстан басшысы. 

Бұған қоса, кейінгі бірнеше жылда Өзбекстан сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі халықаралық индексте - 32, баспасөз бостандығы индексінде – 28 және құқық үстемдігі индексінде 13 позицияға жоғарылағаны атап өтілді. 

«Біз негізгі заңда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде толық іске асырып, оларды өміріміздің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек», - деді Шавкат Мирзиёев.

Еске салайық, Өзбекстан Конституциясы 1992 жылы қабылданған. Сол уақыттан бері елдің басты заңына 15 рет түзету енгізілді. 2023 жылдың 30 сәуірінде референдум арқылы жаңа редакцияда Конституция қабылданды. Нәтижесінде ондағы баптардың саны 128-ден 155-ке дейін, нормалар 275-тен 434-ке дейін көбейді. Тиісінше, Конституция мәтінінің 65 пайызы жаңартылды.

Соңғы жаңалықтар