Өзбекстанда криптоактивтерді заңсыз сатып алғандарға қатысты жаза енгізілді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда криптоактивтерді заңсыз сатып алғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тиісті заңға ел президенті Шавкат Мирзиёев қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Құжатқа сай, криптовалютаны заңсыз сатып алған, өткізген немесе айырбастаған, провайдер қызметін лицензиясыз жүзеге асырғандар 15 тәулікке дейін қамалады. Ал қамауға алу шарасы қолданылмайтын азаматтар санатына 20-30 базалық есептік шама (251-377 мың теңге) аралығында айыпұл салынады.
Провайдерлердің көмегімен анонимді криптоактив операцияларын жүргізген лауазымды тұлғалар 30-дан 40 базалық есептік шамаға дейін (377-503 мың теңге аралығы) айыппұл арқалайды.
Заңмен белгіленген тәртіпті бұза отырып, майнинг қызметін жүзеге асырғандарға мынадай жаза қолданылады: 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу немесе жабдықтарын тәркілеу. Ал қамауға алуға болмайтын тұлғалар 20-30 базалық есептік шама (251-377 мың теңге) аралығында айыппұл төлеуі тиіс.
Бұған қоса, анонимді криптоактивтерді өндірумен айналысқандардың криптоактивтері мен жабдықтары тәркіленеді, ал лауазымды тұлғаларға 30-дан 40 базалық есептік шамаға дейін (377-503 мың теңге аралығы) айыппұл салынады.
Сондай-ақ заңда жазылғандай, ұялы телефонның халықаралық бірегей сәйкестендіру кодын өндірушінің рұқсатынсыз өзгертуге және ол үшін арнайы бағдарлама әзірлеуге, таратуға, оны пайдалануға тыйым салынады. Мұндай құқық бұзушылық үшін 15-тен 20 базалық есептік шамға дейін (188-251 мың теңге аралығы) айыппұл салынады.
Ал өндірушінің немесе иесінің рұқсатынсыз SIM картаның көшірмесін жасаған және оған өзгеріс енгізгендер 20 базалық есептік шама (251 мың теңге) көлеміндегі айыппұлмен жазаланады.