Өзбекстанда несие алаяқтығы бір жылда 42 пайызға өсті
ТАШКЕНТ. Kazinform - Өзбекстанда азаматтардың жеке мәліметтері негізінде түрлі коммерциялық банктер тарапынан несие беру фактілері айтарлықтай өсті, деп хабарлайды Kazinform Өзбекстан Парламентінің Адам құқықтары жөніндегі уәкілінің (омбудсмен) баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2024 жылы Уәкіл атына азаматтардан экономикалық құқықтарға қатысты 6 мыңнан астам өтініш түскені хабарланды. Бұл өтініштердің 9 пайызы алаяқтық істерге қатысты. 2023 жылы мұндай өтініштердің саны 110 болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 42%-ға өсті.
Өтініштердің 60 пайызында өзін Click компаниясының немесе Орталық банктің қызметкері ретінде таныстыратын тұлғалар азаматтардың жеке мәліметтерін пайдаланып онлайн несие рәсімдеген. Кейбір жағдайларда 5-6 коммерциялық банктен бір адамның атына несие берілген.
Аталған өтініштер бойынша ішкі істер органдарының тергеушілері коммерциялық банктерге аталған азаматтардың несие қаражатын өздері пайдаланбағанын және азаматтық талапкер деп танылғанын хабарлау, сондай-ақ кінәлі тұлғалар табылмайынша несие бойынша берешекті және сыйақыны есептеуді тоқтата тұру туралы ұйғарым жіберді.
ӨР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 36-бабында тергеушінің өз қарауындағы іс бойынша заңға сәйкес шығарған жазбаша нұсқаулары мен қаулылары барлық кәсіпорындар, ұйымдар, лауазымды адамдар, азаматтар үшін міндетті деп көрсетілген. Алайда, бұған қарамастан банктер алаяқтықпен алданып қалған азаматтардан несиелерін қайтаруды талап етуде.
Уәкіл осыған байланысты азаматтардың мүддесін көздеп, азаматтық істер бойынша соттарға 5 талап-арыз беріп, банктермен жасалған несиелік келісім-шарттар жарамсыз деп танылды. 1 азаматтың атына алынған несие қаражаты оның пайдасына қайтарылып, моральдық шығын өндірілді.
Бұл саладағы мәселелерге байланысты шағымдардың көбеюі негізінен халықтың бейқамдығынан, ақпараттық қауіпсіздіктің жоқтығынан, экономикалық білімнің жеткіліксіздігінен екені атап өтілді.
«Ақпараттық технологиялар дамыған сайын алдаудың және алаяқтықтың жаңа әдістері ойлап табылып жатқанын есте ұстаған жөн», - делінген омбудсмен баяндамасында.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда 2 жылда тұрғын үй құрылысына қатысты 5,5 мыңнан аса заң бұзушылық анықталды.