Өзбекстанда Орталық Азия елдерінің алғашқы арт-экспедициясы жүріп жатыр
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ташкентте Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан суретшілерінің бірлескен арт-экспедициясы жүріп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Мұндай ауқымдағы мәдени іс-шара Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Оның барысында суретшілер ежелгі шаһарлар мен ескерткіштердің тарихын тереңірек танып, соның негізінде картиналарды жарыққа шығаруға ниетті.

Экспедиция елдер арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайту мақсатында өткізіліп отыр. Сапар ҚР Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының «Шеберханадағы бір күн» жобасы аясында қолға алынған.
Бұған дейін арт-экспедициясы мүшелері Хиуа қаласында болып, дәстүрлі шығыс сәулет өнері нысандарының қазіргі көрінісін тамашалап, жергілікті әріптестерімен тәжірибе алмасқан.

«Жас суретшілерді алып келіп, экспедиция жасап, әр өңірде тобымызбен пленэрде этюд жаздық. Шетелдік суретшілердің шеберлік сабақтарын көріп, шәкірттерімізбен қатар, өзіміз де тәжірибе алмастық. Ташкентте Орал Таңсықбаевтың музейінде болдық. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе. Сонымен қатар мұндай іс-шараларды өткізу Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени қарым-қатынастың жоғары деңгейге шыққанын айғақтайды», - деді ҚР Суретшілер одағының мүшесі Тынышбек Балтабаев.
Қылқалам шеберлері бұған дейін Қарақалпақстан астанасында, Бұхара және Самарқан қалаларында болды. Енді экспедиция Қырғызстанда жалғасады. Оның қорытындысы бойынша Алматыда көрме ашылады.
