Өзбекстанда отбасылық жанжал үшін ажырасатындарды татуластыруға шектеу қойылмақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты ажырасу кезінде сот тарапынан татуласуға уақыт беру тәртібін алып тастау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстанда отбасылық жанжал үшін ажырасатындарды татуластыруға шектеу қойылмақ
Фото: Kazinform

Аталған бастама Өзбекстан Сенатының жастар, әйелдер, мәдениет және спорт комитетінің отырысында талқыланды.

Депутаттардың ұсынысына сай, егер сотта қаралатын істе тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жәбірленуші болса, онда тараптарға татуласу мүмкіндігі берілмеуі тиіс. Өйткені, үнемі жанжал болатын отбасыларды мәжбүрлеп сақтаудың ақыры ауыр зардаптарға алып келуі ықтимал.

Өзбекстанның қазіргі заңнамасына сай, ажырасуға арыз берген ерлі-зайыптыға татуласу үшін 6 айға дейін уақыт беріледі.

Еске салайық, былтыр 10 айда Өзбекстан соттары тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасаған 15 826 адамды жауапқа тартты.

Сонымен қатар көп әйел алуды насихаттаған және адамды жынысына байланысты кемсіткен 21 өзбекстандық жаза арқалады.

Бұған қоса, былтырдан бастап Өзбекстанда балаға қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза енгізілді.

Соңғы жаңалықтар