Өзбекстанда парламент сайлауы аралас жүйе негізінде өтеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Әр сайлау жүйесін зерделеу арқылы біз өзімізге қолайлысын іздеу үстіндеміз. Өзбекстанда енгізілген пропорционалды-мажоритарлық сайлау моделіне қатысты пікір білдірген белгілі өзбекстандық саясаттанушы, «Білім керуені» мемлекеттік емес ғылыми білім беру мекемесінің директоры Фарход Толипов осылай мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Былтыр қарашада Өзбекстан Олий Мәжілісінің Сенаты елде сайлау мен референдум өткізу тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады. Оған сай, парламенттің төменгі палатасына сайлау аралас (мажоритарлық, пропорционалды) жүйе негізінде өткізіледі.
«Әр жүйенің ұтымды және осал тұстары болады. Қазір Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан мен Өзбекстан сайлау жүйесін жетілдіру бағытында түрлі жаңашылдықтарды сынап көріп жатыр. Әр механизмді зерделеу арқылы біз өзімізге қолайлысын іздеу үстіндеміз. Бұл алдағы уақытта Олий Мәжілістің өкілетті болуына ықпал етеді. Енгізіліп отырған жаңа сайлау жүйесінің ұтымды немесе тиімсіз болатынын болашақ көрсетеді», - деді Фарход Толипов.

Енді заң шығару палатасының 75 депутаты мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша бір мандатты округтерден, ал қалған 75 депутат пропорционалды сайлау жүйесі (партиялық тізім) бойынша сайланады.
Бұған дейін Өзбекстанда парламент сайлауы пропорциональды жүйемен өтіп келді. Онда халық партияға дауыс беретін. Кейін сайлау қорытындысы бойынша жинаған дауысқа қарай партиялар парламентке өз өкілдерін ұсынатын.
«Бұл ретте, мажоритарлық жүйе арқылы саяси додаға тәуелсіз кандидаттар түсе алмайды. Олар да елдегі 5 партияның бірінің мүшесі болуы тиіс. Сондықтан аралас жүйе болғанымен, барлық үміткерлер қандай да бір партияның өкілі болатыны анық», - деп пікір қосты сарапшы.
Фарход Толипов сөзін түйіндей келе, саяси партиялар арасындағы бәсекелестік жоғары болуы керектігін атап өтті. Оның ойы мұндай қадамдар елді ілгері сүйреуге ықпал етеді дегенге саяды.
Еске салайық, кеше Өзбекстанның Орталық сайлау комиссиясы парламент және жергілікті кенгаш депутаттарының сайлауын 27 қазанда өткізу туралы шешім қабылдады. Сайлау науқаны 26 шілдеде басталды.
Қоса кетсек, бұған дейін көрші елде парламенттің өкілеттігін өзгертуді көздейтін заң қабылданған еді.