Өзбекстанда Президент әкімшілігінің экс-қызметкеріне қастандық жасағандар сотталды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан Президенті әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Комил Алламжоновқа жасалған қастандыққа қатысы бар деп айыпталған 10 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

сот
Фото: Norma.uz

Қылмыстық іс Әскери сотта қаралды. Үкімге сәйкес, 3 айыпталушы 23 жылға бас бостандығынан айырылды. Тағы бір азамат 18 жылға темір торға қамалса, Ташкент қалалық Ішкі істер басқармасы басшының бұрынғы орынбасары Дониер Ташходжаев 7 жылға сотталды.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметінен мәлім еткендей, қалған 5 азаматқа кінәсіне байланысты түрлі бас бостандығынан айыру мерзімдері белгіленді.

- Кейінгі 5 айда бастан өткерген оқиғалар маған және менің отбасыма ғана аян. Шындық шектеудің шырмауынан шығып, ақырында ақиқат анықталды, - деп іске қатысты пікір білдірді Комил Алламжонов өзінің Telegram арнасында.

Еске салайық, былтыр қазанда белгісіз біреулер Президент әкімшілігінің бұрынғы қызметкері Комил Алламжонов отырған көлікке оқ атып, қастандық жасаған болатын.