Өзбекстанда Сенат депутаттарының саны 100-ден 65-ке дейін қысқарады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан Олий Мәжілісінің Сенаты Парламент палаталарының өкілеттіктерін елдің жаңартылған Конституциясына сәйкес өзгертуге бағытталған заңнаманы мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

өзбекстан сенат
Фото: senate.uz

Өзбекстан Сенатының баспасөз қызметінен мәлімдегендей, парламент палаталарының бір-бірін қайталайтын өкілеттіктері нақтыланды.

Енді сенаторлардың жалпы саны 100-ден 65-ке дейін қысқарады.

Бұл ретте әрбір әкімшілік аумақтан 4 сенатордан сайланады, ал қалған 9 депутатты президент тағайындайды.

Сондай-ақ, заң шығару палатасы спикерінің орынбасарлары 7-ден 2-ге дейін қысқарады.

Бұл ретте олар өз міндетін атқару кезеңінде фракция құрамында болмайды және саяси партияға мүшелігін тоқтата тұрады.

Бұған қоса заң шығару палатасы мен Сенатқа өзін-өзі тарату өкілеттігі беріледі.

Бұл жағдайда заң шығару палатасындағы жаңа сайлау 2 ай аралығында, ал Сенаттың жаңа құрамы бір ай ішінде жасақталуы тиіс.

«Сенаттың құрамы мен комитеттердің атауларын, сондай-ақ заң шығару палатасы спикері орынбасарларының саны мен мәртебесін айқындайтын заңның ережелерін 2024 жылы, кезекті шақырылымдағы Олий Мәжілісі палаталарының қызметі басталған кезде іске асыру жоспарланып отыр», — деп мәлім етті Сенаттың баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар