Өзбекстанда шетелдік саяси партиялардың қызметіне тыйым салынды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда шет мемлекеттердің саяси партиялары мен олардың бөлімшелерін құруға және олардың қызметін жүзеге асыруға тыйым салынады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Өзбекстанда шетелдік саяси партиялардың қызметіне тыйым салынды
Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев тиісті өзгеріс енгізілген «Саяси партиялар туралы» заңына қол қойды.

Құжатта жазылғандай, Өзбекстанда партиялардың қызметін жетілдіру бойынша ауқымды шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл орайда, ел аумағында шетелдік партиялардың қызметін реттеу қажет екені көрсетілген.

«Аталған «Саяси партиялар туралы» заңына енгізіліген өзгерістер шет мемлекеттердің саяси партиялары мен олардың бөлімшелерін құруға және олардың қызметін жүзеге асыруына жол бермеуге бағытталған», - делінген заңның жаңа редакциясында.

Айта кетейік, бүгінде Өзбекстанда ресми тіркелген және жұмыс істеп келе жатқан 5 бес саяси партия бар. Олар – Өзбекстанның либералды-демократиялық партиясы, «Милли тикланиш» (Ұлттық жаңғыру) демократиялық партиясы, «Адолат» (Әділет) әлеуметтік-демократиялық партиясы, Халықтық-демократиялық партиясы мен Экологиялық партия.

Соңғы жаңалықтар