Өзбекстанда шетелдіктерге үй алу үшін салық жеңілдіктері беріледі
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанда 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап шетел азаматтары үшін жаңа салық режимі енгізіледі, деп хабарлайды podrobno.uz.
Жаңа тәртіп бойынша, шетелден табыс алатын және белгілі бір шарттарды орындап жүрген шетелдік азаматтар жеке табыс салығынан босатылады.
Президент Шавкат Мирзиеев тиісті жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес шетелдіктер жылына кемінде 30 күн елде болып, тұрғын үйге иелік еткен немесе жалға алған жағдайда Өзбекстанның салық резиденті мәртебесін ала алады.
Бұл мәртебені алу үшін 50 мың АҚШ доллары көлемінде арнайы алым төлеп, уәкілетті коммерциялық банктердің бірінде шот немесе ресми крипто биржасында крипто әмиян ашу қажет.
Салық резиденті мәртебесін алған шетелдіктер Өзбекстаннан тыс жерде тапқан табысына салық төлеуден босатылады.
Бұдан бұрын Өзбекстанның сыртқы қарызы 72 млрд доллардан асқаны анықталды.