Өзбекстанда сотталғандар жоғары оқу орындарына түсіп, онлайн білім ала алады
АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанда 2027/2028 оқу жылынан бастап түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан азаматтар жоғары оқу орындарына түсіп, ақылы негізде онлайн оқи алады.
Өзбекстан президентінің қаулысына сәйкес, жаңа шаралар сотталғандардың білім алып, кәсіби даярлықтан өту мүмкіндігін кеңейтуге, сондай-ақ бостандыққа шыққаннан кейін қоғамға бейімделуіне бағытталған.
Билік 2027/2028 оқу жылы басталғанға дейін түзеу мекемелерінде 310 оқу кабинеті мен 420 тәжірибелік кабинет ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ 2030 жылға дейін еңбек нарығында сұранысқа ие кемінде 50 мамандықты меңгеруге арналған бағдарламалар енгізіледі.
Бұған қоса қашықтан оқыту үшін түзеу колонияларында бейнебайланыс құралдарымен жабдықталған арнайы кабинеттер ашылады.
Сонымен қатар жыл сайын кемінде 15–20 мың сотталған азаматты кәсіби даярлықтан өткізу жоспарланып отыр. Билік бұл шаралар қылмысты қайта жасау деңгейін 30 пайыз төмендетуге мүмкіндік береді деп күтеді.
Бұдан бөлек колонияларда жастарға арналған қосымша бағдарламалар да енгізіледі. Жас сотталғандар арасынан дауыс беру арқылы белсенділер таңдалып, оларға тоқсан сайын базалық есептік мөлшердің үш еселенген көлемінде сыйақы беріледі.
Бұған дейін Өзбекстанда кітап оқығаны үшін әскердегі қызмет мерзімі қысқаруы мүмкін екені хабарланған болатын.