Өзбекстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған 15 мыңнан астам адам жазаланды
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Биылғы 10 айда Өзбекстан соттары тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарын жасаған 15 826 адамды жауапқа тартты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстан Жоғарғы сотының баспасөз хатшысы Азиз Абидовтың мәлімдеуінше, "Тұрмыстық зорлық-зомбылық" бабы бойынша 15 427 адам жауапқа тартылды. Оның ішінде 9 210 азаматқа айыппұл салынса, 6 217 құқық бұзушы әкімшілік қамауға алынған.
Сонымен қатар, қайталап жасалған және зардабы ауыр болған тұрмыстық зорлық-зомбылық әрекеттері үшін 399 адам сотталды.
Айта кетейік, биыл сәуірде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуға бағытталған заңға қол қойды.
Еске салсақ, бір жыл ішінде көп әйел алуды насихаттаған және адамды жынысына байланысты кемсіткен 21 өзбекстандық жауапқа тартылды.
Сонымен бірге, таяуда Өзбекстанда балаға қатысты жасалған тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза енгізілді.