Өзбекстанда туу көрсеткіші 2017 жылдан бері алғаш рет төмендеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Өзбекстанда 2024 жылы 926,4 мың бала дүниеге келді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға аз. Өзбекстанда 2017 жылдан бері алғаш рет туғандар саны азайды, деп хабарлайды елдің Статистика агенттігі.

Қалаларда туғандардың үлесі 49,1 пайызды (454,5 мың нәресте), ауылдық жерлерде 50,9 пайызды (471,9 мың) құрады. 2024 жылы 479,5 мың (51,8%) ұл және 446,9 мың (48,2%) қыз бала дүниеге келді.
2024 жылы туғандар санын талдау кезінде келесідей жайт белгілі болды: туғандардың 97,7 пайызы біреу, 2,2 пайызы егіз, 0,1 пайызы үшем және одан да көп бала.
Жаңа туған нәрестелердің әкелері жасына қарай келесі арақатынаста бөлінді: 10,7% - 25 жасқа дейін, 82,5% - 25-39 жас, 6,8% - 40 жас және одан жоғары. Жаңа туған нәрестелердің 39,3 пайызында 25 жасқа дейінгі аналар, 59,5 пайызында 25-39 жаста, 1,2 пайызында 40 жастан асқандар болған.
Туудың ең жоғары көрсеткіші Самарқанд облысында (12%) байқалды, одан кейін Ферғана облысында – 11,1%, Қашқадария облысында – 10,9%, Әндіжан облысында – 9,3%, Сурхандария облысында – 9,1%.
Бала туу көрсеткіші Сырдария облысында (2,4%), Науаи облысында (2,8%), Жызақ облысында (4,2%), Қарақалпақстанда (4,5%) және Бұхара облысында (5%) салыстырмалы түрде төмен.
Өлім-жітім
2024 жылы қайтыс болғандардың жалпы саны 174,4 мың адамды (2023 жылға қарағанда 0,9%-ға көп), оның ішінде ерлер – 96 мың (55,04%) және әйелдер – 78,4 мың (44,96%) құрады. 98,2 мың адам (56,3%) қалаларда, 76,2 мың адам (43,7%) ауылдық жерлерде қайтыс болды. Қайтыс болғандар саны екінші жыл қатарынан өсті, бірақ 2020 және 2022 жылдармен салыстырғанда төмен.
Өлімнің негізгі себептері: 57,6% - қан айналым жүйесі аурулары, 9,4% - ісіктер, 6,3% - тыныс алу жүйесі аурулары, 5,8% - жазатайым оқиғалар, уланулар және жарақаттар, 4,1% - ас қорыту жүйесінің аурулары, 1,1% - инфекциялық және паразиттік аурулар, 15,7% - басқа аурулар.
Қайтыс болғандардың ең көп үлесі Самарқанд облысында (10,8%), одан кейін Ферғана облысында – 10,3%, Әндіжан облысында – 10,2%, Ташкент қаласында – 9,6%, Ташкент облысында – 9,4%.
Сырдария (2,6%), Науаи (2,8%), Жызақ (3,5%), Хорезм (5,2%) және Бұхара (5,5%) облыстарында өлім-жітім деңгейі салыстырмалы түрде төмен.
2024 жылы тіркелген некелердің саны 271,8 мыңды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 12 мыңға аз. Бұл 2022 жылы басталған некені тіркеудегі төмендеу үрдісін жалғастырды.
Айта кетейік, пандемияға байланысты карантиндік шектеулер енгізілген 2020 жылы некеге тұру саны 25 мыңға өскен. Сондай-ақ 2024 жылы соңғы 10 жылдағы некелердің ең аз саны байқалды.
Жаңа отбасылардың жалпы санынан 50,3 пайызы (136,7 мың) қалаларда, 49,7 пайызы (135,1 мың) ауылдық жерлерде құрылған.
Некеде тұрған әйелдердің орташа жасы 22,3 жасты, ал ерлердің орташа жасы 27,1 жасты құрады. Тіркелген некелердің ең көп үлесі 25 жасқа дейінгі әйелдерге тиесілі – барлық некелердің 81,9 пайызы.
Ажырасулар саны 45,1 мыңды құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға аз, бірақ 2021 жылға дейінгі жылмен салыстырғанда әлі де айтарлықтай көп.
Ажырасулардың 28 мыңы (62 пайызы) қалаларда, 17,1 мыңы (38 пайызы) ауылдық жерлерде тіркелген. 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда бір балалы отбасылардағы ажырасулар саны — 12 906, баласыз некелерде — 21 726, екі және одан да көп баласы бар отбасылардағы ажырасулар саны 10 503 болды.
Ажырасқан ерлердің орташа жасы 35,4 жасты, әйелдердікі 32,1 жасты құрады. Ажырасулардың ең көп үлесі 35 жасқа дейінгі әйелдерге тиесілі, бұл жалпы ажырасудың 64,6 пайызын құрайды.
Ажырасулардың ең жоғары пайызы Ташкент қаласында (13,1%), сондай-ақ Ферғана және Әндіжан облыстарында (10,6%) тіркелді. Ажырасқандар саны салыстырмалы түрде Науаи (2,8%), Сырдария (3,3%) және Жызақ (3,8%) облыстарында төмен.
Еске сала кетейік, Өзбекстанда тұрақты тұрғындардың саны 37,5 миллионнан асты.