Өзбекстанда ЖОО-ларға түсу талаптары күшейеді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті балдың мөлшері өзгереді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстанның жоғары білім, ғылым және инновация министрлігінің мәліметінше, оқуға түсу үшін талап етілетін шекті балдың мөлшері екі есе жоғарылайды.
«Оқуға түсу үшін қажетті ең төменгі балл екі есе ұлғайтылып, денсаулық сақтау, құқық, бизнес және басқару мамандықтары бойынша - 94,5, қалған бағыттарға 75,6 (қазір барлық бағыттар бойынша 56,7 балл) балл деңгейінде белгіленеді», - деп мәлім етті министрліктің баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, мемлекеттік жоғары оқу орындарында гранттық негізде білім алған студенттерге оқуды бітіргеннен кейін 3 жыл міндетті жұмыс істеу талабы алынып тасталады.
Бұған қоса әлеуметтік және гуманитарлық бағыттарға бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың саны қысқарады, тиісінше ол квоталар инженер, медицина және жаратылыстану ғылымдарына бағытталады.