Өзбекстанда жүк көлігі мен жолаушылар пойызы соқтығысты

ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Ферғана облысында жүк көлігі мен жолаушылар пойызы соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Узбекистон темир йуллари» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өзбекстанда жүк көлігі мен жолаушылар пойызы соқтығысты

«13 қазан сағат 21:40-та Бувайда мен Қоқанд станциялары арасындағы теміржол өткелінде жол-көлік оқиғасы болды. ГАЗ-53 маркалы жүк көлігі жабық тұрған шлагбаумды айналып өтпек болғанда, №62 «Ташкент – Әндіжан» бағытындағы жолаушылар пойызының локомотивімен соқтығысқан.

Оқиға салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі қаза тапты. Ал жолаушылар арасында зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ, локомотив пен жолаушылар пойызының алғашқы вагонына зақым келді. Орын алған оқиғадан кейін азаматтарға жедел көмек көрсетіліп, жолаушыларды тиісті жеріне басқа электровоз жеткізді», - деп мәлім етті «Узбекистон темир йуллари» АҚ баспасөз қызметінен.

Оқиға салдарынан жолаушылар пойызы 42 минутқа кешіккен. Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары және тиісті ведомстволар аталған жол-көлік апатына байланысты тергеу жұмыстарын жүргізуде.