Өзбекстанда зиянды шығарындыларды есепке алу жөніндегі ұлттық реестр құрылмақ

Өзбекстанда зиянды шығарындыларды есепке алу жөніндегі ұлттық реестр құрылмақ
Фото: Александр Павский/Kazinform

Өзбекстанда ауаға бөлінетін зиянды шығарындыларды есепке алу жөніндегі ұлттық реестр құрылады. Тиісті меморандумға БҰҰ-ның Дубайда өткен Климаттың өзгеруі жөніндегі 28-ші конференциясы аясында Өзбекстанның Экология министрлігі мен Industrial Innovation Group компаниясы қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Ведомствоның баспасөз қызметінен мәлім еткендей, меморандум Өзбекстанның шығарындыларды азайту жөніндегі жалпыұлттық стратегиясына сәйкес жасалған.

Кездесу барысында Өзбекстанның экология министрі Азиз Абдухакимов реестрді құру климаттың өзгеруі мәселесін шешуге, шығарындыларды реттеу жүйесін интеграциялауға және оларды азайту жөніндегі жобаларды ынталандыруға ықпал ететінін атап өтті.

Өз кезегінде Industrial Innovation Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Матар Тарям ынтымақтастықты орнату Өзбекстанның орнықты дамуына және экологиялық тәуекелдерді қысқартуға бейім екеніне тағы бір дәлел болғанына тоқталды.

«Бірлескен ынтымақтастық аясында құрылатын зиянды шығарындыларды есепке алу жөніндегі ұлттық реестр – экологиялық тәуекелдерді дәл бағалайтын және көміртекті басқару жүйесін әзірлеудегі сенімді тәсіл», - делінген Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Тоқтала кетейік, Industrial Innovation Group – штаб-пәтері Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан трансұлттық компаниялар тобы. Күрделі, жоғары технологиялық жүйелерді құруда, ауқымды индустриялық-инновациялық кешендерді жобалау мен салуда 30 жылдық тәжірибесі бар ірі компания.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дубайда өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясының сессиясында Өзбекстан президенті Арал өңірінде Климаттық технологиялардың халықаралық экспо-хабын құруды ұсынды.

 

Соңғы жаңалықтар