Өзбекстандағы гүл фестивалі Гиннестің рекордтар кітабына енді
АСТАНА.KAZINFORM - Наманганда өткен 65-ші халықаралық гүл фестивалінде бір айда егілген гүлдер саны бойынша әлемдік рекорд орнатылды.
Гиннестің рекордтар кітабы сайты жариялаған ақпаратқа сәйкес, фестиваль үшін арнайы 29,4 миллионнан астам өсімдік қолмен егіледі, талап бойынша 1 миллион гүл егілуі тиіс болған. Осылайша, Наманган «бір айда бірлесіп егілген ең көп гүл саны» бойынша Гиннестің әлемдік рекордын орнатты.
Наманган облыстық әкімшілігі 20 сәуірден 20 мамырға дейін 65-ші халықаралық гүл фестивалі аясында Наманганда бір айлық гүл отырғызу науқанын өткізді.
Мақсат қаланың гүл өсіру дәстүрін жаңғыртып, қоғамдық жасыл кеңістіктерді жақсарту болды.
Гүл фестивалі 24 мамырдан 12 шілдеге дейін өтеді. Ұйымдастырушылар оған шамамен 5 миллион адам қатысатынын айтты. Фестиваль аясында ғылыми конференциялар, форумдар, жәрмеңкелер, концерттер және дрон шоулары сияқты шамамен 150 іс-шара өтеді.
Бұған дейін Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығы Гиннестің рекордтар кітабына енген болатын.