Өзбекстандағы қазақтар Наурызды қалай атап өтеді

наурыз, қол күресі
Фото: Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Биыл Наурыз мейрамының дүниежүзілік материалдық емес мұралар тізіміне енгеніне - 15 жыл. Бүгінде әлемнің 30-дан астам елі бұл күнді кең ауқымда атап өтеді. Кейінгі кездері ол ел ішінде игі үрдістерді қалыптастыратын күшке айналып келеді. Бұл ретте Өзбекстандағы қазақтар да ұлық мейрамды ерекше екшеп, жоғары деңгейде мерекелейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

өзбекстан
Фото: Kazinform

Қарақалпақстандағы қазақтар үшін Наурыз – көп мерекенің бірі емес. Мұнда бұл мейрамның маңызы мен оның барша адамзатты игілікке бастайтын құндылығына аса мән беріледі. Аталған мереке тек бір күн тойланбайды. Ол көрісу күнінен басталып, айдын соңына дейін жалғасады. Осы аралықта барлығы ұлттық киімдерімізді киіп, жарыса жақсы іс жасауға жұмылады.

дастархан
Фото: Kazinform

Сонымен қатар, қарақалпақ жеріндегі қандастар шалғайдағы ағайынға арнап дастархан жайып, спорттық сайыстар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырады.

«Ұмыт қалып бара жатқан дәстүрімізді қайта жаңғырту, оны артымыздан ерген буынған үйрету мақсатында осылай кең көлемде атап өтеміз. Наурызды амал мерекесінен бастаймыз және бір-бірімізге ізгі тілек-ниетімізді айтып, жылы лебізімізді білдіреміз. Бұл барша адамзатты игілік пен ізгілікке жетелейтін мейрам деп санаймыз. Сондықтан осы мереке ортақ саналатын барша бауырлас халықтарды құттықтаймын!» - деп тілек білдірді Қарақалпақстандағы қазақ мәдени орталығының мүшесі Қару Қаймолдаев.

ұлттық киім
Фото: Kazinform

Наурыз тек жекелеген өңірлерге ғана емес, Өзбекстанның әр аймағында аса жоғары маңыз беріле отырып мерекеленеді. Оның ішінде қазақтар көп қоныстанған облыстардың бірі Науаиде де ерекше аталып өтеді. Мұндағы жұрт бір-бірімен тату, ұлт пен ұлысқа бөлінбейді. Қазақ, өзбек, қарақалпақ болып, күн мен түннің теңеліп, Жер-Ананың бусанған шағында өңірді мерекеге бөлейді.

наурыз
Фото: Kazinform

«Ансамбліміз Қазақстаннан, көрші елдерден келетін қонақтарға қызмет жасап келеді. Өзіміз ұлттық дәстүрлерімізді көрсетіп, көбіне осы ата-бабамыздың халық әндерін орындаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесінде мұнда концерттік шаралар ұйымдастырылып, халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Жалпы, өзіміз тұрып жатқан өңірде ұлттық дәстүрлеріміз бен құндылықтарымызды қатаң сақтаймыз және оны келер буынға насихаттап келеміз», - деді Кенимех аудандық мәдениет үйінің қызметкері Мұқағали Маралов.

наурыз
Фото: Kazinform
әншілер
Фото: Kazinform

Бұл ретте Ташкент қазақтары да бірегейлігін сақтап келеді. Әсіресе, ұлттық киім киіп, музыкалық аспаптарын алып, мерекелік көңіл-күймен орталық алаңға беттейтін жастар көп. Сол арқылы төл мәдениетін дәріптеп, «жыл жемісті болсын» деген тілекпен көпшілікке ән айтып, өнерлерін паш етеді.

той
Фото: Kazinform
наурыз
Фото: Kazinform

Айта кетейік, Қазақстан мен Өзбекстан әуел бастан осы ұлық мейрамды ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енгізу үшін көп күш жұмсады. Бұл ретте бірлесе әрекет етті. Қазір Наурыз бүкіл әлемге халықаралық жаңару күні ретінде танылған. Ал, жер-жерде ұйымдастырылатын мәдени шаралар бауырлас елдерді жақсылыққа үндеп, игі істерге ұйыстыратын ерекше күшке айналғандай.

әншілер
Фото: Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар