20:09, 17 Маусым 2010 | GMT +5
Өзбекстандағы босқындар лагерінде тағы бір Қазақстан азаматы табылды
ӘНДІЖАН ОБЛЫСЫ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстандағы босқындар лагерінде тағы бір Қазақстан азаматы бар.

Өзбекстандағы ҚР Елшілігінің консулы Бабыр Дәуренбек Әндіжан облысында ҚР СІМ өкілдерімен келссөздер барысында Әндіжан облысының Ер-кишлок ауылындағы «Алтынбашақ» босқындар лагерінде Қазақстанның тағы бір азаматы Жұлдыз Тұншыбаеваның күйеуі, Қырғызстан азаматы Мадаминжон Юсуповпен бірге болып отырғаны белгілі болды.
ҚР азаматы Ж.Тұншыбаеваның өзі Өзбекстанға Қырғызстанның оңтүстігіндегі тәртіпсіздіктерден сескеніп, Ош қаласынан маусымның 16-сы күні келген. Қазір ол жұбайымен бірге Қазақстанға келгісі келеді.
Қазақстан Елшілігі Өзбекстандағы қырғыз әріптестерімен бірге осы мәселені шешу үшін дипломатиялық арналар бойынша консультациялар жүргізуде.