Өзбекстандық қазақ боксшы кәсіпқой бокста екінші жеңісіне қол жеткізді — шетелдегі қазақ баспасөзі

Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады. 

бокс
Фото: freepik.com

Шымкенттен Қытайдың Сиань қаласына тікелей рейс ашылды — «Халық газеті»

3 шілдеде Skat Airlines авиакомпаниясының рейсі Сиань Сяньян халықаралық әуежайынан ұшып, Қазақстанның Шымкент қаласына қонды. Сөйтіп Сиань қаласы ел бойынша көш бастап, Орталық Азияның бес елі мен сегіз қаласына рейс ашты, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Сианьнан Қазақстанның Шымкент қаласына тікелей рейс ашылды
Фото: kaz.people.cn

Келтірілген деректерге сүйенсек, осы жылдың бірінші жартыжылдығында Сиань Сяньян халықаралық әуежайына Орталық Азия елдерінен 78 000-нан астам жолаушылар келіп-кетіп, 700-ден астам рейс қатынаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда сәйкесінше 40% және 19%-ға өскен.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, бұған дейін Сианьнан Шымкентке төте бағыт болмағандықтан алмасып баруға кем дегенде 12 сағат кететін. Бұл бағыттың ашылуы жолаушылар тасымалын 5 сағатқа дейін қысқарған.

Сондай-ақ осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қазақстандық кәсіпорын Қытайға күнбағыс майын экспорттайды» деген ақпарат жарияланды

Бұл ақпаратты қытайлы БАҚ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаған.

Қазақстандық кәсіпорын Қытайға күнбағыс майын экспорттайды
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Келтірілген деректерге сүйенсек, қазақстандық Altyn Shyghys өңдеу зауыты қытайға тазартылмаған күнбағыс майының партиясын жеткізеді. Дайын өнімді сатып алушы ҚХР астық резервтерін қалыптастыруға жауапты Sinograin мемлекеттік компаниясының тапсырысы бойынша қытайлық CITIS Construction Co Ltd. корпорациясы болмақ. Уағдаластық қазақстандық кәсіпорын базасында күнбағыс тұқымын қайта өңдеуді және одан әрі Қытайға май жіберуді көздейді.

Өзбекстандық қазақ боксшы кәсіпқой бокста екінші жеңісіне қол жеткізді — ӨзА

Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен кәсіпқой бокс бойынша «IBA.Pro 7» турнирінде жерлесіміз Мадияр Саидрахимов жеңіске жетті, деп жазады өзбекстандық «ӨзА».

Аталған ақпарат көзінің дерегінше, әлем чемпионатының жүлдегері, бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған Мадияр бұл жарыста Әзербайжан өкілі Ахмад Мустафаевпен 6 раундтық жекпе-жек өткізген.

Мадияр Саидрахимов кәсіпқой бокста екінші жеңісіне қол жеткізді
Фото: uza.uz

Тартысты өткен жекпе-жекте 27 жастағы Саидрахимов қарсыласын ұпай айырмашылығымен ұтты.

Айта кету керек, Мадияр Сайдрахимов 1997 жылы Өзбекстанның Газалкент қаласында дүниеге келген. Ол этникалық қазақ.

Мадияр Саидрахимовтың бұл жеңісі кәсіпқой бокстағы екінші табысты жекпе-жек болған. Ол 2017 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы алғашқы кездесуінде де жеңіске жеткен еді. Сонымен қатар, өзбекстандық қандасымыз Куба, Ресей секілді елдерде IBA жүйесіндегі жартылай кәсіпқой бокс жекпе-жектерінде де лайықты нәтижелер көрсетіп келеді.

Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Наманганда Жапонияның әйгілі сакура ағашы көбейтілмек» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Наманганда өтіп жатқан 64-халықаралық «Гүлдер фестивалі» аясында шетелдік мәртебелі делегациялардың сапары жалғасқан.

Наманганда Жапонияның әйгілі сакура ағашы көбейтілмек
Фото: uza.uz

Атап айтқанда, Жапонияның Фукуока префектурасына қарасты Дайзаифу қаласының мэрі Кусуда Даизо Наманган облысының әкімі Шавкат Абдураззоқовпен кездесті.

Сұхбат кезінде тараптар Наманган облысы мен Дайзаифу қаласы арасындағы байланыс перспективаларын талқылап, өзара ақпарат алмасты. Халық саны шамамен 70 мың болатын Дайзаифу қаласына жыл сайын 10 миллионға дейін турист келетіндігі туризм саласындағы тәжірибе алмасуға үлкен мүмкіндік беретінін көрсетті.

Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметінше, кездесу барысында тараптар Жапонияның әйгілі сакура ағаштарын Наманганда көбейту жөніндегі бірлескен жобалар бойынша келісімге келген.

ЭЫҰ аймақтағы экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамытады — ParsToday

Иран Президенті Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы (ЭЫҰ) саммитін экономикалық, әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша пікір алмасу, сондай-ақ аймақтық мүдделерге сәйкес бірлескен ынтымақтастық алаңдарын құру мүмкіндігі деп санайды. Бұл туралы осы аптада ParsToday ақпарат агенттігі хабарлады

ParsToday ақпарат агенттігінің IRNA-ға сілтеме жасап хабарлауы бойынша, Иран президенті Масуд Пезешкиан жұма күні (4 шілде) Экономикалық ынтымақтастық ұйымына (ЭЫҰ) мүше мемлекеттер басшыларының 17-ші саммитіне қатысу үшін Әзірбайжанға аттанар алдында өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, бұл сапар бейбітшілік пен тұрақтылық орнатып, көршілес елдер арасындағы ынтымақтастықты арттырады.

ЭЫҰ саммиті: аймақтағы экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігі
Фото: parstoday.ir

Пезешкиан Әзірбайжанға сапарының Иран, Түркия және Пәкістан арасындағы үшжақты қарым-қатынастар аясында айқындалғанын және 10 елдің аймақтық ынтымақтастығының алғашқы қадамы екенін айтқан.

Айта кетейік, бұл отырысқа Қазақстан, Түрікменстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Әзірбайжан сияқты елдердің басшылары да қатысуда.

Еске сала кету керек, Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы аймақтың ынтымақтастық даму құқығына ие, 1985 жылы құрылған Үкіметаралық аймақтық ұйым болып есептеледі. ЭЫҰ үш құрылтайшысы мемлекеттің Иран Ислам Республикасы, Пәкістан Ислам Республикасы және Түркия Республикасының Измир шартының келісімі бойынша қол қойылған устав аясында әрекет жасады.

1992 жылға дейін ЭЫҰ шеңберіндегі ынтымақтастық екі жақты қатынастағы сипатта болды. 1992 жылдан бастап Ұйым қызметі жаңа жеті мемлекеттің Қазақстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түркменстан, Ауғанстан, Қырғызстан және Өзбекстанның қосылуына байланысты белсенді түрде дамыды.

Түркия экспортта тағы бір табысқа жетті — TRT

Түркия Африканың жеті елін Даму жолы жобасы мен Орта дәліз сауда бағыты арқылы байланыстыру мақсатында бірнеше келісімге қол қойды. Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Түркия экспортта тағы бір табысқа жетті
Фото: trt.global

«TRT»-ның дерегінше, Сауда министрі Өмер Болаттың мәлімдеуінше Түркияның экспорт көлемі маусым айында соңғы 12 айдың орташа көрсеткіші бойынша 267 миллиард долларға жетіп, ең жоғары деңгейге көтерілді. Бұл көрсеткіш елдің жаһандық саудадағы ықпалын күшейтуге бағытталған маңызды кезең ретінде бағаланып отыр.

Сондай-ақ сәрсенбі күні Сауда министрлігі жариялаған мәліметтерге сәйкес, тек маусым айында экспорт жылдық есепте 8 пайыз өсіп, 20,54 миллиард долларға жетті. Бұл соңғы бір жыл ішіндегі ең жоғары айлық өсім болды. Осы кезеңде импорт 15,3 пайыз өсіп, 28,7 миллиард долларға жетті. Бұл маусым айындағы сыртқы сауда тапшылығын 8,17 миллиард долларға дейін арттырды, ал экспорт-импортты жабу арақатынасы 71,5 пайыз болған.

Соңғы жаңалықтар