Өзбекстандық қазақ журналисі – «Алтын қалам» иегері

Өзбекстан
Фото: Jurnalistlar.uz

АСТАНА. Kazinform - Өзбекстан Республикасы Парламентінің «Ҳалқ сўзи» және «Народное слово» газеттерінің жауапты хатшысы Нұрлан Усманов Өзбекстанда өткізілген биылғы «Алтын қалам» ұлттық сыйлығының жүлдегері атанды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Нұрлан Өктемұлы еңбек жолын қазақ тілінде шығатын «Нұрлы жол» газетінен бастаған, сондай-ақ «Учитель Узбекистана» газетін басқарған.

Нұрлан Өктемұлының көп жылдық еңбегі, шығармашылығы әрі ізденімпаздығы жоғары бағаланып, дәстүрлі түрде өтетін «Алтын қалам» ХVІІІ ұлттық сыйлығының баспа бағытында ІІ орын жүлдегері атанды.

Биылғы байқауға 600-ге жуық жергілікті және шетелдік БАҚ өкілдері 4 мыңнан астам шығармашылық жұмысын тапсырған. Атап айтқанда, телевизия бағыты бойынша мемлекеттік және тәуелсіз телеарналардан 98 журналист, радио бағытында 26, БАҚ бағытында 178, интернет басылымдары бойынша 75, «Шетелдік журналистердің Өзбекстан туралы ең жақсы материалы үшін» аталымында да жылдағыдан көп 40-тан астам елден 100-ге жуық журналист қатысқан.

Нұрлан Өктемұлы туындыларын үш тілде, яғни қазақ, өзбек және орыс тілінде қатар жазады. Оның жазған мақалалары мемлекеттік басылымдар мен сайттарда ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің БАҚ-да жиі жарияланады. Сонымен қатар ол қазақстандық қоғамдық ұйымдармен де ынтымақтастық орнатып, халықаралық семинар-тренингтерде спикер, медиа-тренер ретінде қатысады.

Соңғы жаңалықтар