Өзбекстандық «Пахтакор» футбол клубын сату кейінге шегерілді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі «Пахтакор» футбол клубын сату рәсімін уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Паътакор
Фото: pakhtakor.uz

Ведомствоның мәліметінше, «Пахтакор футбол клубы» жауапкершілігі шектеулі қоғамы үлесінің 100 пайызын ашық саудаға шығару жайлы хабарландыру 16 қаңтарында агенттіктің ресми сайтында жарияланған.

«Осы аралықта жұртшылықтың айтқан пікірлерін зерделей келе, «Пахтакор футбол клубы» ЖШҚ-ның 100 пайыздық мемлекеттік үлесіне жария сауда процестері уақытша тоқтатылды», - деп мәлім етті агенттіктен.

Ташкенттік «Пахтакорды» сату туралы хабарландырудан кейін өзбекстандықтар клуб пен оның инфрақұрылымын сақтап қалу мәселесін көтеріп, алаңдаушылық білдірген болатын.

«Пахтакор» 1956 жылы құрылған. 1972 жылы команда КСРО-ның екінші сатылы чемпионатында жеңімпаз атанды, ал 1968 жылы КСРО Кубогының финалында мәсекеулік «Торпедодан» 0:1 есебімен ұтылды.

«Пахтакор» - Өзбекстанның 16 дүркін чемпионы, бұл рекордтық көрсеткіш. Ол сондай-ақ ел кубогының 13 дүркін иегері атанған.

Клуб екі рет Азия чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан.

Еске сала кетейік, бұған дейін аты аңызға айналған «Пахтакор» футбол клубының сатылымға шығарылғанын жазып едік.