Өзбекстандық шенеуніктерге ұлттық киім кию ұсынылды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Аптаның әр жұмасы Ташкенттегі мемлекеттік мекемелерде ұлттық киім күні болып бекітілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Өзбекстандық шенеуліктерге ұлттық киім кию ұсынылды
Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

«Ұлттық Ташкент» жобасын жүзеге асыруға бағытталған қаулыға Өзбекстан астанасының хокимі Шавкат Умурзаков қол қойды. Аталған бағдарламаны іске асыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылады.

Құжатқа сай, Ташкентте ұйымдастырылатын барлық бұқаралық іс-шара ұлттық нақышта безендіріледі және оның қатысушылары өзбек халқының дәстүрлі киімін киеді.

Сонымен қатар, жоба аясында қала мен аудандардағы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне тек жұма күні емес, күнделікті негізде ұлттық киім кию ұсынылады.

Бұған қоса, қоғамдық көлік, вагон мен метро станциялары ұлттық нақыштағы элементтермен безендіріледі.

Еске салайық, Өзбекстан басшысы мемлекеттік органдарға қызметтік шығындарды қысқартуды тапсырды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда жемқорлыққа бейім келетін шенеуніктерді ерте анықтау тәжірибесі енгізілмек.

Соңғы жаңалықтар