Өзбекстанға ақша аударымдары 27%-ға өсті

АСТАНА. KAZINFORM — Орталық банк Өзбекстандағы жеке тұлғаларға шетелден ақша аударымдары туралы деректерді ұсынды

Өзбекстанға ақша аударымдары 27%-ға өсті
Фото: freepik

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында Өзбекстанға шетелден ақша аударымдары өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 млрд долларға немесе 27%-ға артып, 8,2 млрд долларға жеткені белгілі болды.

Қаражаттың 6,4 млрд доллары немесе 78%-ы Ресейден, қалғаны Қазақстан, АҚШ, Оңтүстік Корея, Түркия, Ұлыбритания, Қырғызстан, Литва және басқа елдерден аударылған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде Ресейдің үлесі шамамен бірдей болды.

Орталық банктің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-маусым айларындағы ақша аударымдарының өсуіне еңбек мигранттары жұмыс істейтін дәстүрлі елдерде жұмыс күшіне сұраныс пен салыстырмалы түрде жоғары жалақының сақталуымен қатар ұлттық валюта бағамының нығаюы әсер етті.

— Сыртқы еңбек миграциясының географиясында әртараптандыру процестері жалғасып жатыр, бұл дамыған елдерден Өзбекстанға трансшекаралық ақша аударымдары көлемінің өсуінен көрінеді. Атап айтқанда, Ұлыбританиядан трансферттер көлемі 2 есеге, ЕО елдерінен 41%-ға (Ирландиядан — 2,8 есе, Литвадан — 79%, Нидерландыдан — 44%, Польшадан 20— %) және АҚШ-тан 15%-ға өсті, — делінген хабарламада.

Жалпы қаражаттың 4,3 млрд доллары (53%) дәстүрлі халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы аударылған (2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға өсті), 3,6 млрд доллары (44%) тікелей шетелден жеке тұлғалардың банктік карталарына аударылған – P2P аударымдары (40%-ға өсті) және 251 млн доллар банк аударымы(3%) SWIFT арқылы аударылған (22%-ға азайған).

Соңғы жарты жылда Өзбекстаннан шетелге жөнелтілген ақша аударымдарының көлемі өткен жылғы деңгейде қалып, 1,2 миллиард доллар болды.
Еске сала кетейік, Ресей, Түркия, Өзбекстан: Қазақстаннан қай елдерге көп ақша аударылатыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар