Өзбекстанға баруға ниетті қазақстандықтар нені білуі керек — кеден органының өкілімен сұхбат
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Жыл сайын Өзбекстанға саяхаттап баратын қазақстандықтардың қатары орта есеппен 70%-ға артып келеді. Туристер саны көбейген сайын көршілес ел заңнамасымен таныспаған азаматтарға байланысты шекарадағы өткізу бекеттерінде мәселелер жиі туындап жатады. Осы орайда, Қазақстан елшілігінің бастамашы болуымен Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің Стратегиялық жоспарлау және кедендік рәсімдерін оңайлату басқармасының бастығы Фарход Олимжонов Kazinform агенттігіне сұхбат беріп, саяхатшылар қаперде ұстауы тиіс ережелерді еске салды.
— Фарход Олимжонович, Kazinform ақпарат агенттігіне сұхбат беруге келісім бергеніңізге рахмет! Тиісінше, алғашқы сауалымызды қойсақ. Өзбекстан шекарасына кірер уақытта қанша сомадағы қаражатты міндетті түрде декларациялау қажет?
— Өзбекстан Республикасының заңнамасына сәйкес, шетелдік және ұлттық қолма-қол валютаны кез келген мөлшерде әкелуге болады, дегенмен ол сома 100 млн сумнан асса, онда қаражатты міндетті түрде декларациялау қажет. Жолаушылар оны электронды түрде немесе қағаз күйінде толтырып, рәсімдей алады. Атап айтқанда, біз «Жолаушылардың кедендік декларациясы» мобильді қосымшасын іске қостық. Оны «App Store» немесе «Play Market» жүйелері арқылы жүктеп алуға болады. Тиісінше, сіз бағдарламаның көмегімен ұшақ бортында немесе шетелде жүріп, декларацияны толтыра аласыз.
Бұл ретте статистика деректеріне тоқтала кетейін: бүгінде шекарадан өтіп жатқан азаматтардың шамамен 3%-ы ғана аталған құжатты рәсімдейді. Ол оны толтыру міндетті емес дегенді білдірмейді. Егер жолаушыларда жоғарыда көрсетілген сомадан асатын валюта, материалдық құндылықтар болмаса, тиісінше ол мұндай қызметке жүгінбейді.
Мобильді қосымша арқылы декларация толтырған кезде сізге QR-код ұсынылады. Оны шекарада немесе әуежайларда инспектор сканерлеп, сіз рәсімдеген деректерді көреді. Өзбекстанға ұшып келген кезде жолушыларда интернет болмаса, онда олар республиканың әужайларындағы Wi-Fi-ды пайдалана алады. Сондай-ақ, біз кедендік өткізу бекеттерінде электронды декларацияны толтыруға және ұсынуға болатын арнайы ақпараттық дүңгіршектер орнаттық.

— Азаматтар Өзбекстаннан кетер уақытта қанша сомадағы қаражатты өзімен алып шыға алады?
— Заңға сай, Өзбекстан Республикасының резиденттеріне қолма-қол шетелдік және ұлттық валютаны 100 млн сумнан аспайтын мөлшерде әкетуге рұқсат етіледі. Ал резидент болып саналмайтын азаматтар Өзбекстанға кірген кезде әкелген және декларациялаған сомадан аспайтын ақшаны шығара алады. Бұл ретте заңнамада ерекше екі талап қарастырылған. Атап айтқанда, егер сіз арнайы делегация құрамында ұшып бара жатсаңыз, сондай-ақ сіз қандай да бір сайыстың жүлдегері атанып, ақшалай сыйақы жеңіп алсаңыз, онда 100 млн сумнан астам қаражатты шығаруға рұқсат етіледі. Дегенмен жолаушы тиісті құжаттарды ұсынуға міндетті.
— Азаматтар елге кіргенде, шыққанда және транзитпен өткен кезде кеден қызметкерлері немесе қауіпсіздік мамандары олардың жеке қолданыстағы заттарын тәркілеп жатады. Мәселен, зергерлік бұйымдар, сағат, қымбат бағалы әшекейлерді алып қояды. Мұндай жағдайға тап болмас үшін жолаушылар не істеуі керек?
— Өзбекстан заңнамасы аясында жеке пайдалануға арналған тауарларды кедендік бажсыз әкелу талаптары белгіленген. Олар бүкіл әлемде бар және «De minimis» нормалары деп аталады. Иә, кейде кеден органдары осындай санаттағы заттарды тәркілейді, бірақ бұл қандай жағдайларда болады?
Жолаушы шекарадан өткен кезде азаматтарға кеденшілер контрабандалық немесе заңсыз бұйымдарды алып өтуге болмайтынын ескертеді. Сондай-ақ, оларға декларация толтыру қажеттігі айтылады. Егер аталған талаптарды ескермей, ол адам «жасыл дәліз» арқылы өтсе, тауарлар тәркіленеді. Өйткені, азамат «жасыл дәлізбен» жүрсе, онда жолаушы сол әрекеті арқылы өзімен бірге заңсыз заттарды әкелмегенін растайды. Кейін тексеріс барысында одан бағалы тауарлар анықталса, ол міндетті түрде тәркіленеді. Дегенмен кеден қызметкері әуел баста оған барлығын ескертеді.

— Шетел азаматтарының Өзбекстанға қандай тауарларды әкелуіне және әкетуіне тыйым салынады?
— Өзбекстанға бірінші кезекте тиісті органдардың сараптамасынан өтпеген діни сипаттағы заттарды, құжаттарды немесе кітаптарды әкелуге тыйым салынған. Сондай-ақ, порнографиялық материалдарды кіргізуге рұқсат жоқ. Бұдан басқа, дрондарды әкелуге болмайды. Мұндай құрылғыларды Өзбекстан Республикасының тиісті органдары беретін арнайы рұқсатпен ғана пайдалуға болады. Сонымен қатар, этил спиртін, ақшалай пайда табуға арналған ойын автоматтарын өткізуге болмайды. Мұнымен бірге, озон қабатына залал тиігізетін заттарды, психотроптық препараттарды және есірткі бұйымдарын алып өтуге тыйым салынған.
— Өзбекстанға жеке дәрі-дәрмек әкелуге қатысты қандай шектеулер бар?
— Министрлер Кабинетінің № 191 қаулысына сәйкес, Өзбекстанға 10 түрлі жеке пайдалануға арналған дәрілік заттарды алып келуге рұқсат етіледі. Дегенмен олардың мөлшері 5 қаптамадан аспауы тиіс.
— Қандай дәрі-дәрмектер міндетті түрде рецепт немесе декларациялауды талап етеді?
— Қаулыда көрсетілгендей, жеке қолдануға арналған препараттарды дәрігердің рецептілері негізінде белгіленген нормадан көп, бірақ ақылға қонымды шекте әкелуге болады. Сондай-ақ, рецепті бойынша азаматтың Өзбекстанда болған уақытында пайдалануға қажетті психотроптық заттарды шектеулі мөлшерде алып келуіне рұқсат етіледі. Бұл рецептілерді біздің елімізде де, шет мемлекеттерде де рәсімдеуге болады. Кеден органдары өзге республикаларда берілген дәрігерлердің рецептілерін мойындайды. Яғни, ол құжаттар Өзбекстанда да жарамды саналады.
— Егер рецепт Қазақстанда берілсе, ал мұнда ол препаратқа тыйым салынса, бұл жағдайда не істеу керек?
— Заңнамада нақты талаптар бар. Аталған ережелер кез келген елдің азаматтарына бірдей қолданылады. Арнайы адамдар тобына ерекше жағдай жасалмайды, оларға жеңілдік жоқ. Ол дәріге тыйым салынған болса, оны әкелу мүмкін емес.

— Осы ретте рұқсат етілген немесе тыйым салынған дәрі-дәрмектердің тізімімен қай жерден танысуға болады?
Толық ақпаратты Өзбекстан Мемлекеттік кеден комитетінің «www.customs.uz» ресми сайтынан және «lex.uz» нормативтік-құқықтық актілер базасынан таба аласыз.
— Өзбекстанда сатып алынған тауарларды шекарадан алып өтуге қатысты қандай ережелер қолданылады? Мәселен, қазір туристер базардан кәдесый, тоқыма бұйымдары, ыдыс-аяқ және өзге де заттарды алып жатады.
— Өзбекстан тарапы біздің елімізден сатып алынған тауарларды әкетуге тыйым салмайды, керісінше оған қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, мемлекеттен құны 5 000 долларға дейінгі тауарларды алып шығуға рұқсат етіледі. Аталған сомаға жетпейтін заттарды кеден органдарында декларацияламай әкете аласыз. Алайда, күріш, қант, ұн өнімдері, ет, жеміс-жидек пен көкөністерге қатысты шектеу бар. Мысалы, ет, жеміс және көкөністердің салмағы 40 келіден аспауы тиіс. Егер одан көп болса, онда міндетті түрде декларациялау қажет.
— Көне жәдігерлерді, атап айтқанда, картиналарды, фарфор және керамикалық бұйымдарды әкету үшін қандай құжат қажет? Сондай-ақ, оған рұқсатты қай органнан алуға болады?
— Мерзімі 50 жылдан асқан тауарлар мәдени мұра болып саналады. Бұл жағдайда аталған затты шекарадан алып өту үшін сіз тиісті органға, яғни Мәдени мұра агенттігіне хабарласып, рұқсат қағазын алуыңыз керек. Құжат болса, онда кеден органдары тауарды кедергісіз өткізеді. Алайда, бұл рұқсат қағазын алу үшін «singlewindow.uz» сайты арқылы электронды өтініш беру қажет. Егер сарапшыға көне жәдігерді зерттеу керек болса, сіз оны көрсетіп, кейін құжатты аласыз.
— Шетел азаматтары Өзбекстанға жеке көлігін қанша мерзімге уақытша әкеле алады?
— Өзге мемелекеттердің азаматтарына жеке пайдалану үшін шетелде тіркелген көлігін 1 жыл ішінде 90 күннен аспайтын мерзімге әкелуге рұқсат етіледі. Алайда, бұл кезеңді кедендік төлем жасай отырып, ұзартуға болады. Атап айтқанда, әр тәулік үшін 1 базалық есептік шама (412 мың сум) мөлшерінде қаражат алынады. Қазіргі уақытта бұл мерзімді ұзарту мәселесі пысықталып жатыр. Біз қазақстандық әріптестерімізбен бірнеше кездесу өткіздік. Тиісінше, бүгінде біздің басқарма аталған мерзімді 90 күннен 180 күнге дейін ұзарту туралы заң жобасын әзірлеуде.
— Қазақстанда тіркелген көлікті Өзбекстанға әкеліп, 3 ай пайдаланып, кейін оны басқа азаматқа сатса, темір тұлпардың жаңа иесі тағы 3 ай кедендік төлем жасамай жүргізе алады ма?
— Шет едерде тіркелген көліктерді Өзбекстанның заңды және жеке тұлғаларына уақытша әкелуге тыйым салынады. Егер Қазақстан азаматы темір тұлпарды басқа адамға сатқысы келсе, сатып алушы тұлға оны міндетті түрде кедендік рәсімдеуден өткізуі тиіс. Декларация тапсыра отырып, толық кедендік төлемдерді жасау міндетті шарт саналады.
— Шекарадағы өткізу пункттерінде азаматтарға және көліктерге қатысты түрлі мәселе туындап жатады. Осындай жағдайда қайда хабарласу керек, жедел желі бар ма?
— Әрине, ірі өткізу бекеттерінде SOS бөлімдері бар. Сондай-ақ, 1108 нөміріне хабарласып, колл-орталықпен байланыса аласыз. Онда сегізден астам қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі уақытта тәулігіне 600-1000 өтініш түседі. Мамандар сұрақтарға лезде жауап береді. Егер қызметкердің құзыреті жеткіліксіз болса, онда ол бірден тиісті басқармамен байланысып, мәселені шешуге жәрдемдеседі.
— Қазір кеден саласын цифрландыру туралы жиі естиміз. Өзбекстан тарапы бұл бағытта қандай жаңашылдықтар енгізіп жатыр?
— Біз барлық инновациялық шешімдерді «Қапланбек» (ҚР) — «Науаи» (ӨР) өткізу бекетінде сынап көреміз. Мәселен, осы пунктіде қазір электронды кезек жүйесін енгіздік, ол көліктердің шекарадан өту процедурасын жеңілдетеді, яғни, жүргізуші алдын ала мобильді қосымша арқылы белгілі бір күнді таңдап, кеден органдарына өтініш жолдайды. Бұл ақпарат тәуекелдерді басқару жүйесінде өңделеді және ол кеден органдарында электронды декларациялауға негіз болады.
Бұдан басқа, біз «Науаи» өткізу пунктінде қызыл және жасыл дәліз тәжірибесін енгіздік. Жолаушының декларациялайтын тауарлары болмаса, жасыл дәлізбен жүреді. Көліктер үшін де осындай тәртіп қолданылады. Алайда, бұл ретте жүйе қай темір тұлпарды қай дәлізбен өткізу қажет екенін өзі анықтайды. Бұл базаға шекара бекетіндегі барлық органның ақпараты интеграцияланған. Атап айтқанда, шекара қызметі, кеден органы, ветеринариялық және санитариялық-эпидемиологиялық ведомстволар осы жүйені пайдаланады. Егер осы бағдарлама көлікті жасыл дәлізге бағыттаса, онда тек паспорттық бақылау жүргізіліп, көлік тіркеуден өтеді.
— Мен «Қапланбек — Науаи» шекара пунктінен жиі өтіп тұрамын. Кей уақыттарда шамадан тыс кезекті байқаймын. Бұған не себеп?
— Біріншіден, бұл көлік ағынына байланысты. Өздеріңіз білетіндей, «Қапланбек — Науаи» жүк көліктеріне арналған. Ол сол мақсатта салынған, жабдықталған. Бастапқыда бұл бекеттен тәулігіне шамамен 200-300 көлік өтетін. Бірақ қазіргі уақытта ол 1000-ға жуық көлікті қабылдап жатыр. Бүгінде «Гишткуприк» (ӨР) — «Жібек жолы» (ҚР) пунктіне жөндеу жүргізіліп жатыр. Сондықтан бүкіл жүктеме «Қапланбек — Науаи» бекетіне түседі. Мәселен, «Ялламадан», «Сырдариядан» өтсеңіз, ол жерлерде кезек жоқ. Бұл тек жөндеу жұмыстарына байланысты.
— Қорытындылай келе, Өзбекстанға саяхаттап немесе жұмыс бабымен баруға ниетті Қазақстан азаматтарына не айтар едіңіз?
— Кеден қызметі атынан айтарым: біз әрқашан көршілерімізді қуана қарсы аламыз. Біздің орган әрқашан ашық әрі әділ жұмыс істейді. Қызметкерлеріміздің шетелдік азаматтармен сыпайы сөйлесіп, жүйелі қарым-қатынас жасауын қадағалаймыз. Себебі, кейде біздің мамандар өз өкілеттіктерін асыра пайдаланып жатады. Біз мұндай әрекеттердің алдын алу үшін қатаң шаралар қабылдаймыз.

Қазіргі таңда Өзбекстанда туризмнің барлық түрі қарқынды дамып келеді. Тиісінше, әрқашан шетел азаматтарын, оның ішінде көршіміз — қазақстандықтарды қуана қарсы аламыз. Қандай да бір мәселе туындаса, түйткілді дереу шешуге жәрдемдесеміз.
Қазақстан мен Өзбекстанның кеден заңнамасы өте ұқсас. Біз Киот конвенциясын негізге аламыз және барлық әлем елінде қолданылатын ережеге сай жұмыс істейміз. Осы орайда, тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, жалпы шетелдік қонақтарды Өзбекстанның заңнамасына құрметпен қарап, талаптарды қатаң сақтауға шақырамын!
— Құрметті Фарход Олимжонович, уақыт бөліп, тұщымды сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз! Қызметтеріңізге табыс тілейміз!