Өзбекстанға киік беру мәселесі тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап етеді — Экология министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — 22 шілдесінде Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің ресми ресурсында Өзбекстан мен Қазақстан арасында киікті сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға дайындық жүріп жатқаны туралы хабарланған. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.

Өзбекстанға киік беру мәселесі тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап етеді — Экология министрлігі
Фото: Экология министрлігі

— Меморандум жобасы жұмыс тәртібімен Қазақстан тарапына ұсынылды және қазіргі уақытта қаралу сатысында тұр.  Осы мәселенің табиғатты қорғау маңыздылығын ескере отырып, Меморандумның мазмұны екі елдің жауапты ғылыми мекемелері мен уәкілетті мемлекеттік органдарын тарта отырып, пысықтауды талап ететінін атап өткен жөн. Сонымен қатар, жануарлар дүниесі өкілдерін беру, сондай-ақ меморандум жасасу мәселелері мемлекетаралық санатқа жатады және тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап етеді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстан мен Өзбекстан киік популяциясын сақтауға бағытталған берліскен меморандум қабылдау мүмкіндігін зерделеп жатқанын жазған едік.  Өзбекстан Экология министрлігінің баспасөз қызметі қазіргі уақытта қос елдің жауапты ведомстволары арасында келіссөз жүргізіп жатқанын растаған болатын. Құжатты биыл тамыз айында қабылдау жоспарланған. 

Меморандум аясындағы келіссөздерде өзбек тарапы Қазақстаннан шамамен 500 киік лағын алып, оны өз аумағына жерсіндіру бастамасын көтерді. Министрліктің мәліметінше, мамандар ақбөкендердің Өзбекстан климатына бейімделуін зерттемек.

 

Соңғы жаңалықтар