Өзбекстанның 130 жастағы тұрғыны әлемдегі ең қарт адам атануы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанның бәлкім, бүкіл Жер шарындағы ең жасы үлкен тұрғыны ретінде – 130 жастағы Хувайдо Умарова (Тошматова) ресми түрде алғаш рет расталды. Бұл туралы елдің Әділет министрлігінің Telegram-арнасы жазды.

Өзбекстанның 130 жастағы тұрғыны әлемдегі ең қарт адам атануы мүмкін
Фото: UzA

Елдің Әділет министрлігі жүргізіп жатқан «Ешкім құжатсыз қалмайды» акциясы аясында Хувайдо Умарованың 1895 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келгені дәлелденді.

1999 жылы Умароваға берілген төлқұжатта туған күн толық көрсетілмеген болатын. Бұл жағдай оның жасын ресми түрде тануға кедергі келтіріп келген.

Енді Хувайдо Өзбекстанның ең қарт азаматы ретінде ресми түрде танылды. Оның туыстары Гиннестің рекордтар кітабына өтініш бере алады. Егер халықаралық сарапшылар оның жасын растаған жағдайда, Умарова тірі жүрген адамдардың ішіндегі ең кәрі адам ретінде танылатын болады.

Қазіргі уақытта әлемдегі ең жасы үлкен адам ретінде ресми түрде 116 жастағы британдық Этель Кэтерэм танылған.

Бұған дейін 2024 жылдың тамыз айында Жапонияның Аcия қаласында тұратын 116 жастағы Томико Итока әлемдегі ең қарт адам атанғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар